Головкин-Альварес жекпе-жегіне 4 күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Головкин-Альварес жекпе-жегіне 4 күн қалды

12.09.2018

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен оның мексикалық қарсыласы Сауль Альварес Лас-Вегасқа барды. Олар сенбі күні әйгілі «Ти-Мобайл Аренада» кездеседі. Чемпиондық атақ үшін боксшылар осыдан тура бір жыл бұрын жұдырықтасып, орта салмақтағы әлемнің ең мықты боксшысы кім екенін анықтай алмаған еді. Осыған орай қазылардың шығарған шешімі жанкүйерлер мен мамандар арасында үлкен дау тудырғанын айта кету керек. Сөйтіп, олар биылғы 5 мамырда қайта кездесуі керек еді, бірақ тексеру кезінде мексикалықтың қанынан тыйым салынған зат табылып, Головкин Ванес Мартиросянмен күш сынасуға мәжбүр болды. Содан екі тараптың арасында ұзақ келіссөздер жүргізіліп, үміт үзілді-ау деген кезде барып, қарымта кездесу өткізуге келісті.

Бұл жолы екі боксшы да қарсыласын нокаутпен жеңуге тырысатындарын талмай айтып келеді. Тиісінше, қазірдің өзінде «жылдың ең үздік жекпе-жегі» болады деп жоспарланып отырған кездесуге деген қызығушылық әлемде өте жоғары. Сонымен, жер-жаһанның бокс жанкүйерлері тағатсыздана күткен ғаламат бокс кешіне 4-ақ күн қалды.

Былғары қолғап шебері бокстағы жылдың басты оқиғасы алдында өз атымен шығатын жаңа киімдердің үлгісін көпшілікке таныстырды. Онда «трипл джи» жазуы қазақтың оюымен өрнектелген.

Ал әлемнің бұрынғы чемпионы, американдық Бернард Хопкинс қарымта жекпе-жек алдында «НBO» телеарнасы үшін бірінші кездесуді сараптап, өз болжамын айтты. Оның пікірінше, бұл жолы да шаршы алаңдағы айқас толық 12 раундқа жалғасады.

Бернард Хопкинс, бокстан әлемнің экс-чемпионы:

- Бірінші жекпе-жекте екі боксшы да бір-бірінің ең мықты деген соққыларын жеп қойды десек болады. Осылайша, олар қиындықтан шыға алатындарын дәлелдеді. Екінші кездесуде қос боксшыға да жеңіске жету үшін өз қателіктерінен сабақ алуы қажет.

Былғары қолғап шеберлері бұл шайқас үшін қомақты қаржыға ие болмақ. Альварес кем дегенде 30 миллион АҚШ долларын қалтаға басады. Ал отандасамыздың үлесі 20 миллион. Бұған қоса телевизиялық көрсетілімнен түскен қаржының бір бөлігі де боксшыларға тиесілі.

Сондай-ақ, жекпе-жекте боксшылардың қандай қолғап киіп шығатыны белгілі болды. Головкин өзіне үйреншікті «Грант» маркасын таңдаса, Альварес «Уиннинг» былғарысымен шығады. Айта кетейік, арнайы комиссия мексикалыққа бұрынғы маркадағы қолғабын киюге рұқсат бермеді.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу