Астанада «Қазақстан барысы-2018» турнирі өз мәресіне жетті. Қарағанды облысының атынан бозкілемге шыққан Ержан Шынкеев бас жүлдені жеңіп алды.
Осыған дейін «Әскер барысы» атанып үлгерген Ерасыл Қажыбаевқа бұл жолғы доданың екінші орны бұйырды. Шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров 3-ші орынды місе тұтты. IV орын «Оңтүстік барысы» Ерсұлтан Мұзафаров – палуанға белгілі кәсіпкер, меценат Оралбек Ботбай жеңіл көліктің кілтін сыйлады.
Былтырғы жылғы «Қазақстан барысы» Еламан Ерғалиев ширек финалда Ерасыл Қажыбаевқа есе жіберген болатын. Сондай-ақ, биылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирі сенсациясыз қалмады. Турнирдің басты фавориттері саналған Мұхит Тұрсынов, Руслан Әбдіразақов, Ұлан Рұсқыл сынды палуандар алғашқы айналымдарда сүрінді.
«Қазақстан барысы» атағын жеңіп алған балуан 25 миллион теңге сыйақы еншіледі және әрбір жеңісіне 100 мың теңгеден берілді. Биылғы турнирде 14 облыстан және Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 37 балуан бақ сынады.