Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлер ұлттық ат спортын дамытуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлер ұлттық ат спортын дамытуда

05.01.2018

Сондай іскер азаматтардың бірі Тарбағатай ауданындағы Екпін ауылында тұрады. Ол шағын елді мекенде үлкен ат спорты мектебін ашып, балаларды ұлттық өнерге баулып жүр.

Кәсіпкер Болат Қойбағаров ат қораны өз қаражатына салған. Оның бәйге аттарын баптап жүргеніне 5-6 жылдан асты. Қазір 10-ға жуық асыл тұқымды жылқысы бар. Ақсуат спорт мектебін ашқан ол осы өңірдегі балаларды атбегілік өнерге баулып, шабандоздықтың қыр-сырын тегін үйретіп келеді.

Болат Қойбағаров, кәсіпкер:

- Жастарды өзіміздің 2 бапкер спортқа тәрбиелеуде. Балалардың жас мөлшері, салмағы 29-35 келі аралығында. Жас балалар одан ауыр болса, аттарға ауыр болады. Жас балалардың атқа шапқаннан кейін тақымы мықты. Бәйгеге шыдамды балалар болу керек, сондықтан, балаларды қыстай, жаздай осыған үйретеміз.

«Өз атымды өзім баптаймын,» - дейді Серікбол. Оның ат спорты мектебіне келгеніне екі жыл болды. Аз ғана уақыт ішінде жеткен жетістіктері аз емес. Жүлделері де тәуір.

Серікбол Қадылбекұлы, шабандоз:

- Менің ең үлкен бәйгем ол ЭКСПО болды, онда мен өзіміздің шығыстың атынан шаптым. Тағы басқа бәйгелерім де бар. Осы Ақсуат спорт мектебінде дайындаған өзіміздің атымызбен 2 рет автокөлік ұттым.

Ауылда ат спорты кешені ашылысымен бірнеше адам жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, 2 жігіт аттарды баптап, бәйгеге дайындауға жауапты. Мектеп бапкері Айдар Баймұқашевтің бұл спорт түріне бет бұрғалы 12 жыл. Қазір өзінің 10-ға тарта шәкірті бар. Бар білген-түйгенін осы өрендермен бөлісіп келеді. 

Айдар Баймұқашев, бапкер:

- Атқа мінген бала жүректі болу керек. Бәйгеде шауып шығу оңай емес. 80 пайызы балаға қатысты. Шабандоз қу болуы керек. Атты сезіп отыруы керек.

Болашақта осы мектептің негізінде көкпарды да дамыту көзделген. Сонымен қатар, сал ауруына шалдыққан балаларды атқа мінгізу арқылы, яғни, иппотерапия әдісімен оңалту жоспарланып отыр.

Хабарламаларға жазылу