Елдос Сметов «Әлем барысы» бас жүлдесінің елімізде қалуына тілектестік білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдос Сметов «Әлем барысы» бас жүлдесінің елімізде қалуына тілектестік білдірді

08.09.2017

Бүгін «Әлем барысы» жарысында дзюдо күресінен Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов студия қонағы болды.

Танымал спортшы сұхбат барысында «Әлем барысы», қазақ күресі жайлы өз ойымен бөлісті. Сонымен бірге, өзінің алға қойған мақсаттарын да айта кетті.

«Алдағы мақсат – Олимпиада ойындарының алтынын алу. Оған дейінгі жарыстар «баспалдақтар». Менің мақсатым - келесі жылғы Әлем біріншілігінде, Азия ойындарында, Олимпиада ойындары алдындағы Әлем біріншіліктерінде жақсы нәтиже көрсетіп, Олимпиада ойындарында өзімнің бабымда болу. Ал, биылғы Әлем біріншілігін айта кететін болсақ, жарақаттарыма байланысты жаттығу жұмыстары сәл аздау болып қалды. Бабыма келіп үлгермедім. Сол себептен, осындай нәтиже болды».

Әңгіме соңында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Қазақстан құрамасына сәттілік тілеп, «Әлем барысы» бас жүлдесінің елімізде қалуына тілектестік білдірді.

Айта кетейік, бүгін Астана қаласында «Әлем барысы-2017» жарысы басталды. Оған әлемнің 40-тан аса елінен спортшылар қатысып жатыр. Бұл жарыста ел намысын 5 бірдей палуан қорғайды.

Жарысты «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирден көрсетуде.

Хабарламаларға жазылу