«Astana Motorsports» жеңіл экипажы «Дакар-2017» қола жүлдегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Astana Motorsports» жеңіл экипажы «Дакар-2017» қола жүлдегері атанды

16.01.2017
«Astana Motorsports» жеңіл экипажы «Дакар-2017» қола жүлдегері атанды

«Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының қатарына кіретін «Astana Motorsports» командасы «Дакар-2017» жарысын сәтті аяқтады. Жеңіл экипаж Т2 стандарттық көліктер классында 3-орынды, жүк көлігі 26-орынды иеленді, деп хабарлайды «Astana Motorsports» баспасөз қызметі.

Екі апта ішінде қатысушылар Парагвай, Боливия және Аргентина елдері аумағынан 9 мың километр жүріп өтті.

«Астана» Президенттік клубы «Дакарға» екі экипаж шығарды. Жүк экипажы (Т4) құрамында «Дакар-2012» қола жүлдегері пилот Артур Ардавичус, штурман Серж Бринкенс және механик Майкл Хьюсман MAN TGS көлігінде болды. Жеңіл экипажда Т2 санатындағы FIA 2015 ралли рейдтері бойынша Әлем кубогының жеңімпазы пилот Денис Березовский және штурман Алексей Никижева шықты. Олар Production классындағы Toyota Land Cruiser 200 көлігімен қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл «Дакар» ерекше қиын болды. Ауа райының қолайсыздығы да өзіндік әсерін тигізген. Осының салдарынан көптеген лидерлер турнир кестесінің төменгі жағында қалып қойған.

«Боливиядағы толассыз жауған жаңбыр, сел өз қиындығын тудырмай қоймады. Бірақ жарыс осындай кедергілерді жеңуімен қызықты. Ал, бәрі оңай болса, оны «Дакар» деп айтуға келмейді», – деді ралли-марафонның директоры Марк Кома.

egemen.kz

Хабарламаларға жазылу