«Kazsport» телеарнасына комментаторларды іріктеудің келесі кезеңі Алматыда өтуде. Бұл - 2016 жылы өткізіліп отырған үшінші кастинг. Наурыз айында Астанада өткен бірінші іріктеу сынында «Көкпар» бағдарламасының комментаторлығына үміткерлер таңдалды, қарашада өткен екінші байқаудан төрт жаңа комментаторға таңдау жасалды.
Алматыдағы іріктеуде түйіндемелерін жіберген 50-ге тарта үміткер мамандардың байқауынан өтеді. Олардың арасында шаңғымен трамплиннен секіруден Азия Ойындарының чемпионы Евгений Левкин мен Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізген Берік Көшербекұлы да бар.
«Кез келген ер-азаматтың спортқа деген қызығушылығы бар екені анық. Бірақ, комментаторлық жұмысқа ешқандай қатысым жоқ. Дегенмен, «Kazsport» телеарнасында комментаторларға арналған кастинг болатынын естігеннен кейін бағымды сынап көрейін деп келген жайым бар», - деді Берік Көшербекұлы.