Бес дүркін Олимпиада чемпионы, танымал кеңес гимнастшысы Нелли Ким Қазақстан халқы Ассамблеясынан әлем елшісі атанады.
Бұл туралы бүгін ОКҚ баспасөз қызметінде ассамблея төрағасының бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов хабарлады.
Бүгін этномәдени бірлестіктің «25 жыл бейбітшілік пен келісім» фестивалін өткізуге арналған баспасөз конференциясы өтті. Оған бүгін бес дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы, белгілі кеңес гимнастшысы Нелли Ким, Кеңес одағының батыры, Ингушетияның бірінші президенті Руслан Аушев, Кеңес және Ресей композиторы Адександр Зацепин, балет әртісі, балетмейстер Азарий Плисецкий қатысты.
«Неге мұндай тұлға ҚХА әлем елшісі болмасқа деген сұрақ қойылды. Мұны біз кеше талқыладық. Оның келісімін алдық. Ол АҚШ және Женевада ҚХА елшісі болады», - деп хабарлады Ералы Тоғжанов журналистердің сұрағына жауап ретінде.
Нелли Ким - белгілі кеңес гимнастшысы, екі дүркін Еуропа чемпионы, бірнеше дүркін КСРО чемпионы. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1976). Халықаралық гимнастика федерациясы техникалық комитетінің президенті. 1957 жылы Тәжікстанда туған. Нелли туғаннан кейін отбасы Шымкентке көшкен. Ата-анасы әлі күнге сол жақта тұрады. Шымкентте ол бапкер Владимир Байдинмен 10 жасынан бастап спортпен айналысқан. Қазақстанның мықты гимнастшысы атанды. Кейін өзін бүкілодақтық, сосын әлемдік аренада көрсете білді.
inform.kz