Олимпиада күнделігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада күнделігі

12.02.2014
Олимпиада күнделігі
Конькимен жүгіру спортында бүкіл Қазақстан жұрты сенім артқан Денис Кузин 7-ші орынға тұрақтады. Өткен жылы Сочиде өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз алдына жан салмаған болатын. Сол жетістігін бұл жолы қайталай алмады. 1 мың метрді 1, 9 минутта жүгіріп өтті. Осы топта сынға түскен қазақстандық Роман Креч 13-ші, Федор Мезенцев 33-ші болып жарыс кестесінде тұрақтады. Дүниежүзі көз тіккен сайыста Нидерланд Елінің өкілі Стефан Гротхейс шашасына шаң жұқтырмады. Ал Дэнни Моррисон екінші орынға лайық болды. Үшінші орынды иеленген Мишель Мюлдер қоланы қоржынға салды. Айта кетуіміз керек, Мишель Мюлдер Сочи Олимпиадасында осымен екінші жүлдесіне қол жеткізді. 500 метрлік сында алтыннан алқа таққан болатын.
 
Шаңғы қос сайысынан 46 спортшы өз ойын үлгісін ортаға салды. Ережеге сәйкес спортшылар алғашқыда тұғырдан секіріп ұпай жинауы қажет. Бұл сында германиялық Эрик Френцельдің айы оңынан туды. 25 жастағы спортшы 131,5 ұпаймен топ басына шықты. Ал жапондық Акито Ватабе неміс спортшысынан бір ұпай аз жинап, екінші орынға тұрақтады. Ресейлік Евгений Климов тұғырдан секіруден үшінші орынға жайғасты. 20 жастағы спортшының еншісінде 124 ұпай. Қос сайыстың екінші бөлігі шаңғы жарысымен жалғасын тапты. Осы кезеңде жоғары ұпай жинаған спортшы жеңіске қол созады. Сайыс басынан көш тізгінін ешкімге бермеген Эрик Френцель екі сында да мықты екенін дәлелдеп, алтынға қол жеткізді. Жапондық Акито Ватабе күмісті қоржынға салды. Қола медаль Магнус Крогқа бұйырды.
 
Тау шаңғысынан жылдамдықпен түсу сайысында словениялық Тина Мазе мен швейцариялық Доминик Гизин бірдей нәтиже көрсетіп, қос спортшы да алтыннан алқа тақты. Тина Мазе 2013 жылы Әлем Кубогынде рекорд орнатқан. 18 жасынан бері осы спорт түрін серік еткен 30 жастағы шаңғышы Солт-Лейк-Сити, Турин, Ванкувер Олимпиадаларында өнер көрсетіп үлгерген. Ал Доминик Гизин болса, Ванкувер Олимпиадасында әдісті дұрыс жасамай, жарыс жолынан шығып қалған еді. Араға төрт жыл салып, өзінің мықты екенін дәлелді. Қоланы қанжығасына байлаған швейцариялық 22 жастағы ару Лара Гут те шеберлігін шыңдап келіпті.
 
Алексей Полторанин әлем назарын өзіне аударған Қысқы Олимпиада ойындарына осымен үшінші рет қатысып отыр. Турин Олимпиадасында жерлесіміз 15 шақырымдық сайыста 39-шы болып келген. Араға төрт жыл салып, Ванкувер бәсекесінде 14-ші орынға көтерілді. Ал биылғы Сочи Олимпиадасында бапкерлері осы қашықтықта тұғырдың биік сатысына көтерілуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Алексей Полторанин тәжірибесі толысып, шаңғы спортының қыр-сырын жетік меңгерген сақа спортшы. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Ресейде өтіп жатқан дүбірлі доданың барлық шаңғы жолын жақсы біледі. Алғашқы бәсекесін өткізіп те үлгерді. Ол 30 шақырымдық сайыста 16-шы орынға жайғасты. Жаттықтырушылары бұл жарыс Алексейге үлкен сабақ болды дегенді айтады. Жерлесіміздің негізгі көздеген нысанасы 15 шақырымда шашасына шаң жұқтырмау.
 
Александр Батяйкин, Ұлттық құраманың жаттықтырушысы:
Біздің нақты жоспарымыз анықталды. Алексей Полторанин командалық спринтте 19-шы ақпан күні Николай Чеботькомен бірге ел намысын қорғайды. Сонымен қатар 16-шы ақпанда біздің жігіттерді эстафеталық жарыстар күтіп тұр. 

Хабарламаларға жазылу