Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы төрт жаңа құрылымның құрамын бекітті

Мемлекет басшысы төрт жаңа құрылымның құрамын бекітті

Төрт күнде төрт құрам бекіді. Апта ішінде Президент үш комиссия мен бір сараптама тобын жасақтады. Президент Әкімшілігінің жетекшісі Роман Скляр басқаратын комиссия мемлекеттік аппараттың жұмысын жаңарту жоспарын әзірлейді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы төрағасының орынбасары, белгілі журналист Бибігүл Жексенбай басқаратын Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, аты айтып тұрғандай, отбасы институтын нығайту, гендерлік теңдік пен демографиялық саясатты ілгерілетумен айналысады. Ал вице-президент Ерлан Қарин жетекшілік ететін жаңадан құрылған сарапшылардың тобы елдің ұзақ мерзімді дамуына қатысты ұсыныстарды саралайды. Осы аптада оның алғашқы жиыны да өтті.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Вице-президенті:

Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстанның даму бағдарлары мен басымдықтарын анықтайтын ұзақ мерзімді стратегиялық құжат әзірлеу міндетін қойды. Бұл міндет дәл қазіргі жағдайда айрықша маңызға ие. Өйткені Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты, ел ішінде де, әлемде де ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Бұндай құжат тек салалық бастамалардың кезекті тізбесі емес, ең бастысы, мемлекет пен қоғам үшін ортақ бағдарға айналуға тиіс. Яғни ұлттық құндылықтарды, болашақтың бейнесін, стратегиялық басымдықтар мен қажетті өзгерістердің жүйелі ретін бір арнаға тоғыстыратын құжат болуға тиіс.

Ал төртінші құрылымның міндеті – «Халықтық құрылысқа» бөлінетін қаржыны қадағалау. Бағдарламаға 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлу көзделгені белгілі. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов басқаратын мемлекеттік комиссия әр жобаның қаржысы қалай жұмсалатынын жобалау кезеңінен бастап пайдаға бергенге дейін бақылайды.

Бөлісу