Alatau City даму жоспары таныстырылды
Ұлыбританияда Қазақстанның тұңғыш толық цифрлық қаласы Alatau City-дің даму жоспары таныстырылып, бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Атап айтқанда инфрақұрылым, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жобалар бойынша британиялық бизнеспен уағдаластықтар жасалды.
Лондонда өткен инвестициялық жиынға 70-тен астам халықаралық компания, банк және қор өкілдері қатысты. Бұл күні шетелдік серіктестерге жобаның мүмкіндіктері мен даму бағыттары таныстырылды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Бүгін жалпы құны 1 миллиард 300 миллион АҚШ долларын құрайтын 9 маңызды келісімге қол қойдық. Бұл тек бастамасы ғана.
Алатау ситиде британиялық білім ордаларын ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Медицина саласы бойынша да ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Қаланы қаржыландыру мәселесі қаржы ұйымдарымен талқыланды. Қазір инвестициялық портфельде жалпы құны 7 миллиард долларға жуық 67 жоба бар. Олар іске асса, шамамен 55 мың адам жұмыспен қамтылады. Кездесуде шетелдік инвесторларға қолайлы құқықтық орта қалыптастыру мәселесі де сөз болды.
Саймон Кокс, Norton Rose Fulbright заң компаниясының аға кеңесшісі:
Ағылшынның жалпы құқық қағидаттарына негізделген жеке құқықтық жүйе әзірленіп жатыр. Ол инвестицияларды қорғап, бизнесті жүргізудің халықаралық стандарттарына сай болады.
Alatau City-де қазір жалпы құны 35 миллиард теңгеден асатын инженерлік және көлік инфрақұрылымына қатысты 28 жоба қолға алынған. Шетелден инвестиция тарту жұмысы мұнымен шектелмейді. Лондоннан кейін қазақстандық делегация Германияда әлеуетті серіктестермен келіссөз өткізеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы