Соңғы 7 жылда 36 мың шақырымнан аса жол салынған
Елімізде соңғы жеті жылда жөнделген және жаңадан салынған жолдардың ұзындығы 36 мың километрден асты. Тек биылдың өзінде 11 мың километрден аса автомобиль жолы жаңартылған. Оның ішінде құрылысы нөлден басталған учаскелер де бар. Ең бастысы, санға емес, сапаға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Қарқынды құрылыс жүріп жатқан өңірлердің бірі – Ақтөбе. Облыста республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1875 шақырым. Биыл оның 1222 километрі жөнделіп жатыр. Стратегиялық маңызды жобалардың бірі қазір біз тұрған «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» учаскесі. Бұл жол 2029 жылы толықтай қолданысқа берілуі тиіс.
Ақтөбе қаласы мен Ұлғайсын ауылына дейінгі бұл жол төрт жолақты болады. 262 километр жеті учаскеге бөлінген. Оның 28 шақырымында негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін жолдың екі бағытын да көлік қозғалысына ашу жоспарланған. Енді әрлі-берлі жүретін отандық және шет елдік көлік жүргізушілерінің сапары едәуір жеңілдейді.
Кадир Каюмов, көлік жүргізушісі:
Бұл жол арқылы Өзбекстан мен Ресей аралығында адам тасымалдаймын. Жолдарыңыз жақсы. Тек Ақтөбе мен Қарабұтаққа дейінгі бөлігінде көп қиналатын едік. Бұл жерде де жөндеу жұмыстарынын жүріп жатқанын көріп, қуанып отырмыз.
«Орталық – Батыс» көлік дәлізінің бір бөлігі де облыс аумағымен өтеді. Жалпы еліміз бойынша республикалық маңыздағы автожолдардың ұзындығы 25 мың шақырым. 2024-інші жылы 8 700, 2025-інші жылы 8 800 километр жол жөнделген. Ал, биыл бұл көрсеткіш 8 900 шақырымға жетеді. Бұл жолдарға көбіне күрделі жөндеу жүргізілсе, кейбір учаскелер жаңадан салынған.
Ринат Оразғалиев, «Қазавтожол» ҰК» облыстық филиалы директорының орынбасары:
«Орталық – Батыс» дәлізінің ішінде Астана – Ырғыз учаскесінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде жалпы ұзындығы 134 шақырым. Қазір Ырғыз көпірі салынып жатыр және де жер жұмыстары атқарылып жатыр.
Қазір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің Ақтөбе облысындағы бөлігінде мыңға жуық техника мен мың 700-дей маман жұмыс істеп жатыр. «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының 245 шақырымы да осы өңір арқылы өтеді.
Бұл жол толығымен жаңадан салынады. Яғни, бұған дейін екі аралықта жол тұрмақ, сүрлеу де болмаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы