Қытайда робот өндірісінде 6G технология қолданылды
Қытайда робот өндірісінде алғаш рет 6G технология қолданылды. Өйтпесе жаңа модель жасауға қолданыстағы интернеттің жылдамдығы жеткіліксіз болып отыр. Ғылыми жетістіктің қыр-сырын сол елдегі тілшіміз Әйгерім Ермұханқызы баяндайды
Қытайда 5G технологияның дәурені аяқталуға жақын. Қолданыстағы интернеттің заманауи роботтардың әлеуетін арттыруға қуаты жетпей жатыр. Бұл жаңа модельдерді шығаруға кедергі болып отыр. Ал нарықта ақылды, шешім қабылдау жылдамдығы жоғары құлтемірлерге сұраныс артқан. Қазір оларды оқытатын арнайы мамандандырылған орталықтар жұмыс істей бастады.
Го Цун, роботтарды сынақтан өткізу алаңының техникалық қызметкері:
Роботтардың қабілеті арнайы жабдықталған сынақ алаңдарында тексеріледі. Экстремалды жағдайда ақпаратты қабылдап, тапсырманы орындау мүмкіндігі сыналады. Кем-кетігі анықталса, мамандар жетілдіріп жасанды интеллектімен бейімдейді.
Қытайлар роботтарды оқытуға алғаш рет 6G интернетті қолданды. Жаңа технология шапшаңдығы мен икемділігін арттыруға жол ашты.
Лю Гуани, роботтарды сынақтан өткізу алаңының жетекшісі:
Сигнал секундтан аз уақытқа кешіксе, роботтың қабілеті төмендейді. Ақпарат жинақтаудан бөлек, жылдам шешім қабылдап оны дәл орындау үшін қазіргі 5G және 5G-A технологиясы баяу боп тұр. Әсіресе жасанды интеллектімен басқару кезінде жүйенің тежелуі жиіледі. Біз алғаш рет 6G интернетке негізделген арнайы зертхана жасап шығардық. Бұл желіге бірден бірнеше құрылғыны қосып жұмыс істеуге мүмкіндік берді.
6G технологиясымен бапталған роботтарға сұраныс бірден артты. Алғашқы аптаның өзінде 100 данасына тапсырыс түскен. Енді жоба авторлары өндіруші компанияларға өз қызметін ұсына бастады. Айта кету керек, кеден басқармасының мәліметіне сәйкес Қытай биыл алғашқы алты айда түрлі мақсаттағы 10 миллионнан астам робот экспорттаған. Жалпы құны 3 миллиард АҚШ долларға жуық болатын құлтемірлер 150-ден астам ел мен аймаққа сатылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы