Қазақстан мен Өзбекстан кеденде өкілдік ашады
Шекарада сағаттап күту азайып, кәсіпкерлердің шығыны қысқаруы мүмкін. Еліміз Өзбекстан, Пәкістанмен кедендік байланысты нығайтады. Бұл келісімдер сауда айналымын арттыруға қалай ықпал етеді? Құрылтайда қаралған халықаралық келісімдердің мәнін Самал Қабышева тарқатады.
Қазақстан мен Өзбекстанның кеден қызметінде арнайы өкілдіктері ашылады. Қос тарап бір-бірінің аумағында жұмыс істеп, ақпарат алмасады, ортақ мәселелерді шешуге ұсыныс береді.
Бақтыбек Бибаев, ҚР Құрылтайының депутаты:
Егер осы өкілдер болмаса, осы екі елдің арасындағы кеден аймағында туындайтын сұрақтарды хат арқылы шешуге мәжбүр боламыз. Ал жергілікті өкіл қамтамасыз етілген жағдайда ол телефон соғу арқылы немесе бетпе-бет әңгіме арқылы өткізілетін, шешілетін мәселелер.
Яғни, шекарадағы ұзын-сонар кептеліс, кәсіпкерлердің уақыты, шығыны қысқаруы мүмкін. Қазір Қазақстанның кеден қызметінің өкілдіктері Қытай, Түркия, Ресей сияқты сегіз мемлекетте жұмыс істейді.
Бұл қадам сауда көлемі өсіп жатқан тұста маңызды. Биылғы алғашқы сегіз айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 3,7 миллиард долларға жетіп, бір жылда 29 пайызға артқан. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. Межеге жету мақсатында қос тарап кедергілерді жойып, саланы жетілдіруге кірісті.
Қазақстан мен Пәкістан кедендік интеграцияны күшейтеді
Ал Қазақстан мен Пәкістан арасында бұған дейін кеден бағытында интеграция желілері мүлдем болмаған. Қаржы министрі осылай деді. Енді, бүгінгі келісім нәтижесінде, тіпті декларацияларды алдын ала көру мүмкін болмақ.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
Мысалы, Пәкістаннан тауар алып келе жатсаңыз, алдын ала декларация тапсырасыз. Біз шекараға келе жатқанда көріп отырамыз, қандай тауар алып келе жатырсыз. Сондықтан біз оны шекарада ұстамай, қарамай тез шығара саламыз. Сондықтан, бизнестің әкімшілік шығындары аз болады.
Самал Қабышева, тілші:
Қорыта айтқанда, Өзбекстанмен келісім шекарадағы өзара жұмысты жеделдетуге, ал Пәкістанмен келісім ақпарат алмасу мен кедендік бақылауды күшейтуге бағытталған. Екі келісімнің де түпкі мақсаты - саудаға қолайлы жағдай жасап, заңсыз тасымалға тосқауыл қою.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы