ШЫҰ: Қазақстан жүк тасымалын жылына 10 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр
Премьер-министр Олжас Бектенов Душанбе қаласында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның қатысумен өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер делегацияларының ұжымдық кездесуіне қатысты. Сондай-ақ ұйымға мүше елдердің үкімет басшыларының шағын және кеңейтілген құрамда өткен кеңесінде болды. Жиында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық қауіпсіздік және цифрландыру мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы өзара саудадағы кедергілерді азайтып, ұлттық валюталармен есеп айырысу үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Қазір елімізде трансшекаралық төлемдердің ұлттық валютадағы үлесі 70 пайызға жуықтаған. Сондай-ақ Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалын жылына 10 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Премьер-министрдің айтуынша, соңғы бес жылда еліміздің IT-қызметтер экспорты 34 есе өсіп, 1,1 миллиард долларға жеткен. Осы орайда Қазақстан ШЫҰ аясында жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Отырыс қорытындысында тараптар сауда, көлік және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.
Мұрат Мұқышев, ҚР ШЫҰ жөніндегі ұлттық үйлестіруші:
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сауда, көлік, транзит және байланыс салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келді. Әсіресе, көлік қатынасын дамытуға және елдердің транзиттік әлеуетін арттыруға басымдық берілді. Сондай-ақ 2030 жылға дейін цифрландыру шаралары мақұлданды. Бұдан бөлек, күн тәртібінде сауданы кеңейту, халықтар арасындағы байланысты нығайту және ШЫҰ қызметін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы