Түркістан облысында 122 инвестициялық жоба жүзеге асады
Түркістан облысында кәсіпкерлік саласын дамыту және инвестиция тарту мақсатында маңызды жобалар мақұлданып, жаңа зауыттар ашылып жатыр. Бүгінгі күні аймақтағы 29 өндірістік паркте жоспарланған 275 нысанның 165-нің құрылысы аяқталды. Жобалық құны 159 млрд теңгеден асатын 114 өндіріс орны іске қосылды. Қазір шалғай аудандарға да шетелдік инвесторлар тартылып, жаңа зауыттар салынып жатыр. Тақырыпты Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Жұмыспен қамту, отандық үлес, әлеуметтік жауапкершілік және салық түсімі. Бұл – Түркістан облысында ірі жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға қойылатын талап. Соңғы 3 жылда өңірдегі 29 өндірістік алаңда 159 млрд теңгенің 114 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Ал Асықата кентінде «Жетісай» индустриалдық аймағы құрылып, қажетті инфрақұрылыммен қамтылды. Мұнда жалпы құны 45 млрд теңгеден асатын 12 ірі инвестициялық жоба қолға алынған.
Данияр Толыбаев, Жетісай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
Жыл соңына дейін тағы да индустриалды аймақтың аумағында пластикалық қалдықтарды өңдеп, одан пластик ыдыстарын өндіру және бір реттік пайдаланатын ыдыстарды шығару зауыты, одан бөлек жеміс сақтауға арналған қойма, сонымен бірге 4 гектарға өндірістік теплица іске қосылғалы тұр.
Бұл жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін зауыт. Биыл жаңадан салынған кәсіпорын мамыр айында іске қосылып, қазір жергілікті шаруа қожалықтарының өнімін қабылдап жатыр. Жобалық құны 2,8 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнында шитті мақта өңделіп, талшығы экспортқа шығарылады.
Ерлан Шоқанов, Серіктестіктің бас директоры:
Қазірге дейін 25-28 мың тонна қабылдадық. Талшық негізінен экспортқа кетеді. Түркия, Қытайға кетеді. Шит артылғаны майға кетеді. Бұл көрпешеге, анау-мынауға, жеке кәсіпкерлер алып кетіп, өздері пайдаланып жатыр.
Индустриялық аймақта сондай-ақ тамшылатып суару технологиясына қажетті пластик құбырларын шығаратын зауыт та іске қосылған. Тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін кәсіпорынға қытайдың қондырғылары орнатылған.
Бақыт Ақшаев, зауыттың менеджері:
Үлкендігі 315, кішкентайы 90-ға жейін шығарамыз. Қалыңдығы трубаның сапасына қарай жүреді. Сұраныс бар. Қазір Шәуілдірден алып жатыр, капельное орошениемен айналысатындар. Болашақта лентасын да шығарып, біз де капельный орошениемен айналысамыз.
Жетісайда қазір сүт өнімдерін өңдейтін зауыт пен шағын өндірістік алаңдардың құрылысы жүргізілуде. Ал аймақта алдағы 3 жылда жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Жаңадан 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы