Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша үздік 20 елдің қатарында
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында авиациялық қауіпсіздік бойынша көш бастап тұр. Әлемдегі үздік 20 елдің қатарына кіреді. Көрсеткіш – 95,7 пайыз. Бұл туралы Астанада алғаш рет өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының авиациялық қауіпсіздік апталығында айтылды. ИКАО – әлемдік азаматтық авиацияның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуге атсалысатын халықаралық ұйым. Қазір оған 193 мемлекет мүше. Биыл Қазақстан ұйым кеңесінің мүшесі болуға ниетті. Жиында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты туындайтын тәуекелдер, киберқауіптің артуы және ұшқышсыз ұшу аппараттарының кеңінен таралуы мәселелері де талқыланады.
Хуан Карлос Саласар, халықаралық азаматтық авиация ұйымының төрағасы:
ИКАО-ның Астанада өтіп жатқан апталығында авиациялық қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер көтеріледі. Кейін әр қайсысына байланысты нақты шешімдер қабылданып, проблемалар жойылады. Кей мәселлер келер жылы Канадада өтетін конференцияға дейін зерттеліп, әлемдік деңгейде шешіледі деген жоспар бар.
Келесі жылы Астанадан Нью-Йоркке тікелей рейс ашылуы мүмкін. Бұл да Қазақстан авиациясының әлемдік деңгейде жоғары бағаланатынын дәлелдейді. Америкалық тарап Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесін тексеріп, оң бағалаған. Ал желтоқсан айында елімізге ұзақ қашықтыққа ұшатын «Dreamliner» ұшағы жеткізіледі деп жоспарланған. Қазір экипаж мүшелері мен техникалық мамандар тиісті дайындықтан өтіп жатыр. Жаңа әуе кемесі мен тікелей рейс Қазақстанның АҚШ-пен байланысын нығайтып қана қоймай, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице министрі:
3 апта бұрын бізге АҚШ-тан инспекторлар келіп, сол жерден АҚШтың тарапынан бүкіл біздің авиациялық қауіпсіздік жүйесін тексеріп, жақсы деңгейде деп қорытынды берді. Сол себепті қараша айының аяғына дейін ресми түрде сол қорытындыны күтіп отырмыз. Бүкіл талаптар орындалса кеелесі жылда тікелей рейс ашуға жоспар бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы