Басты Жаңалықтар Қазақстан – Қытай шекарасында көлік өткізудің жаңа бағыты іске қосылды

Қазақстан – Қытай шекарасында көлік өткізудің жаңа бағыты іске қосылды

Қазақстан – Қытай шекарасында жаңа өткізу бағыты іске қосылды. «Нұр жолы» бекетіндегі жүктеменің күрт артуына байланысты көліктердің бір бөлігі Қорғас арқылы рәсімделіп жатыр. Бұл мемлекет басшысының шекарадағы өткізу көрсеткішін арттыру тапсырмасын жүзеге асыру тұрғысында қолға алынған шара. Қытаймен бірлескен пилоттық жоба кедендегі кептелісті азайтып, тасымалды жеделдетуге бағытталған. Тілшіміз толықтырып жеткізеді.
Қыркүйек айының соңында Қытай-Қазақстан шекарасындағы «Нұр Жолы» бекетінде кезек күткен көліктердің саны 10 мыңнан асты. Кейбірі шекарада 35 күн тұрып қалған. Негізгі себеп – жүктеменің күрт көбеюі.
Өткен жылдың  қаңтар-тамыз айларында «Нұр Жолы» өткізу пункті арқылы 113 мыңға жуық көлік өткен. Ал бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 75 пайызға артып 200 мыңға жуықтады.

Нұржан Сұлтаналиев, «Қорғас – ШЫХО» АЭА БК» АҚ басқарма төрағасы.

Бұл мәселені шешу үшін Қытай тарапымен бірлесіп, жеңіл көліктерді, арнайы техниканы және автотасымалдағыштарды «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы арқылы өткізу жобасы іске қосылды. Жоба қолданыстағы инфрақұрылым негізінде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде біз 10 мың көлікті өткізіп үлгердік.

Ержан Әзімбеков, «Қорғас – ШЫХО» кеден бекеті басшысының орынбасары:

Қазіргі уақытта Қорғас аумағында тәулігіне 1000ға жуық автокөлік кедендік рәсімдеуден өтуде. Бұл өз кезегінде көлік құралдарының қозғалысын реттеуге шәне шекарадағы кептелісті азайтуға ықпал етеді.

Көлік ағынын реттеумен қатар, шекарадан өту уақытын қысқартуға да басымдық берілген. Ол үшін цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр.

Серік Дайырбай, «Қорғас» ХШЫО инвестиция және туризмді дамыту департаментінің бас маманы:

Бұрынғы таңда келген келушілерге өткізген кезде паспорттық бақылаудан бір адамға 1 минут уақыт кететін. Ал қазір EGate орнатқалы бір адамға 10 нан 15 секундтқа дейін уақыт жұмсаймыз.

Тасымалдаушылар мен кәсіпкерлер үшін де жағдай жасалған.

Нұрсұлтан Мұқатай, көлік-экспедициялық компанияның директоры:

Орталық аумағына тегін кіру мүмкіндігі беріліп, уақытша сақтау қоймаларының тұрақтары арасында қатынайтын арнайы көлік бөлінді. Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істеу режимі енгізілді. Қазір жұмыс тұрақты жолға қойылған. Бүгіннің өзінде оң өзгерістер байқалады.

Жаңа логистикалық модель «Нұр Жолы» бекетінің өткізу қабілетін 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл тасымал шығынын азайтып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтары анық.

Бөлісу