Басты Жаңалықтар Президент: Құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс

Президент: Құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс

Елімізде кейінгі екі жылда «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Соның нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тәжірибені бүкіл елге таратуды тапсырды. Мемлекет басшысы апаттың алдын алуды азаматтық қорғаныс саласының басты міндеті деп атады. Ол үшін озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қажет. Кейінгі бес жылда құтқарушылар 75 мыңнан астам жедел шақыртуға шығып, 240 мыңға жуық адамға көмек көрсетті. Құтқару қызметтеріне соңғы үш жылда 3 мыңдай техника сатып алынды. Олардың қатарында жаңа ұшақтар, тікұшақтар мен түрлі мақсаттағы кемелер бар. Осы кезеңде 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталық қауіп-қатерді алдын ала болжауға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Президент құтқарушыларды заманауи техникамен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар құтқарушылардың қауіпсіз еңбек етуіне жағдай жасауды міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек.

Бөлісу