Басты Жаңалықтар Президент Биоалуантүрлілікті сақтау жөнінде маңызды бастамалар көтерді

Президент Биоалуантүрлілікті сақтау жөнінде маңызды бастамалар көтерді

Табиғатты сақтау – бүгінгі күннің міндеті ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Биоалуантүрлілікті қорғау және су ресурстарын тиімді пайдалану – халықаралық қоғамдастықтың ортақ мақсаты. Осы мәселелер Ереванда өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде талқыланды. Жиынға қатыстқан Президент Қасым Жомарт-Тоқаев табиғи экожүйелерді қорғаудың маңызын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар бастама ұсынды.

Бірқатар мемлекет президенттері Ереванда. Сәлден соң күллі әлемді толғандырып отырған тақырыптар талқыланады.

Күн тәртібіне биоалуантүрлілікті қорғау, сирек кездесетін жануарларды сақтап қалу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері шығарылған. Мінберге мінген Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Премьер-министр Никол Пашинянға алғыс айтты. Содан соң саладағы мәселелерге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады. Шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді.

Иә, су – тіршілік нәрі. Десе де судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін қалыпты жағдайға айналды. Амал нешік?! Анығы мұның салдары тым ауыр болуы мүмкін. Осы тұста Президент: «Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек», - деп баса айтты. Сондай-ақ Қазақстанның экологиялық саясатына да тоқталды. Оған қоса жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады.

Хош, енді нақты деректер мен статистикаға тоқталсақ: Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы нәтижелерінің бірі – киік санының артуы. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2003 жылы елімізде 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай олардың саны 4 миллион 700 мыңға жеткен. Қазір әлемдегі киіктің шамамен 98 пайызы қазақ даласын мекендейді.

Ал қар барысын қорғау жұмыстарының нәтижесінде оның Қазақстандағы популяциясы шамамен 190-ға көбейді. Одан бөлек Тұран жолбарысы тарихи мекеніне қайтарылды және Пржевальский жылқылары қазақ даласына қайта жерсіндірілді.

Президент өз сөзінде Каспий теңізінің экологиялық жағдайын ерекше атады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны бір миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз маңындағы бес мемлекетті және халықаралық қоғамдастықты итбалықты сақтап қалу үшін күш біріктіруге шақырды. Сондай-ақ Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталамауы қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылы Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ әрі оған мүдделес мемлекеттердің барлығы үн қоса алады. Мақсатымыз – су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқаптардың жай-күйіне тәуелді табиғи экожүйелерді қорғау.

Мемлекет басшысы табиғатты қорғауда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға шақырды. Осы мақсатта Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау және экологиялық қауіп-қатерді алдын ала болжау үшін пайдалануды ұсынды. Сөз соңында Президент Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыру бастамасын көтерді. Бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық бағдарламаны жүзеге асыруға, ғылыми тәжірибе алмасуға және бірлескен экологиялық жобаларды дамытуға қолдау көрсете алады.

Бөлісу