Басты Жаңалықтар Қазақстанның гендерлік саясаты аймақта көш ілгері

Қазақстанның гендерлік саясаты аймақта көш ілгері

Қазақстанның гендерлік саясатын Еуропағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қолдап отыр. Ұйымның Варшавада өткен конференциясында отандық сарапшылар Қазақстанның гендерлік теңдік саласындағы реформаларын таныстырды. Мәжілісте көтерілген өзекті мәселе туралы Варшавадан тілшіміз Нұрсұлу Қасым хабарлайды

Қазақстан гендерлік теңдік бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Мемлекет гендерлік теңдікті сақтау, әйелдердің құқығын қорғау және отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында ауқымды шаралар атқарып жатыр, дейді осы мәселені зерттеуші Айгерім Құсайынқызы. Қазір Қазақстанда судьялардың 50 пайызы әйелдер. Мемлекеттік қызметкерлердің 56 пайызын бұрымдылар құрайды. Заңгердің пайымынша, қыз-келіншектер саясат, экономика, барлық салада белсенділік танытып отыр.

Айгерім Құсайынқызы, гендерлік саясат және адам құқықтары жөніндегі сарапшы, заңгер:

ОБСЕ біздің гендерлік теңдікті талдаған кезде көңіл аударатын төрт индикатор бар. Ол саясаттағы әйелдер, әйелдердің денсаулығы, әйелдердің білімі және жалпы әйелдердің қоғамдық өмірге қатысуы. Осы төрт индикатор бойынша Қазақстан аймақтың көшбасшысы және біз тек аймақтың, Орталық Азияның ғана емес, болашақта әлемдік үздік гендерлік теңдік елдерінің қатарында тұрамыз деген оптимистік көзқарасым бар.

Қазақстанда екі жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, әйелге қол көтеру, денсаулығына қасақана зиян келтіру қылмыстық сипатқа ие болды. Қазір елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, оның құрбандарын қолдау мен қорғауға бағытталған тағы екі заң жобасы әзірленді.

Муслим Хасенов, Maqsut Narikbayev University жеке құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры:

Мемлекеттің мұндай бастамаларды қолдауы өте маңызды. Қос заң жобасы жақын арада қабылданып, зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тұрақты институционалдық негізін құрады деген сенімдеміз.

Зульфия Байсақова, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының» басқарма төрағасы:

Қазір дағдарыс орталықтары зорлық-зомбылық құрбандарына тегін, қауіпсіз тұруды қамтамасыз етіп, әйелдерге заңгерлік, психологиялық кеңес беріп, әлеуметтік қолдау көрсетіп отыр және олардың қосымша білім алуына, жұмыспен қамтылуына көмектесуде.

Қазақстан халықаралық гендерлік саясат аясындағы міндеттемелерін орындау бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1325-резолюциясын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары жаңартылды. Ілкімді істер халықаралық ұйымдар мен сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие.

Карина Вегржыновска, Еуропа кеңесінің Варшавадағы кеңсесінің басшысы:

Еуропа Кеңесінің Ыстанбұл конвенциясы – отбасылық зорлық-зомбылықтың және зорлық-зомбылықтың кез келген түрінің алдын алуға, онымен күресуге бағытталған халықаралық деңгейде заңдық күші бар ең ауқымды құжат. Қазақстанның осы конвенцияға қосылатынына  қуаныштымыз. Себебі бұл – елдеріңіздегі теңдікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам деп санаймыз.

«Гендерлік теңдікке бір күнде немесе бір ғана заң қабылдап қол жеткізу мүмкін емес. Бұл мемлекет пен қоғамның жүйелі жұмысын талап ететін ұзақ мерзімді үдеріс», - дейді Варшава конференцияға жиналғандар. 57 елдің өкілі енді осы мәселе бойынша тәжірибе алмасып, ынтымақты күшейтуге ниетті.

Бөлісу