Басты Жаңалықтар ТМҰ елдері жалған ақпарат пен дипфейкке қарсы күресті күшейтеді

ТМҰ елдері жалған ақпарат пен дипфейкке қарсы күресті күшейтеді

Жалған ақпарат пен дипфейкке қарсы күрес күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысында айтылды. Жиында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің медиаға әсері талқыланды. Өйткені қазір ақпарат саласы – жаңа мүмкіндіктер мен үлкен сын-қатердің ортасында тұр. Қатысушылардың айтуынша, бүгінде жасанды интеллектінің көмегімен шынайы бейне, сурет пен дыбыс жазбасынан айырмашылығы жоқ контент жасау қиын емес. Бұл шынайы ақпарат көздеріне сенімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Қанат Ысқақов, Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары:

Жаңа технологиялар енгізу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ең алдымен жарияланатын материалдардың шынайылығын қамтамасыз ету және ЖИ қолданылғанын ашық көрсетіп, журналистердің кәсіби жауапкершілігін сақтау маңызды. Осы бағытта ТМҰ мүше елдерінің арасында медиа өндірісінде ЖИ қолдану тілдік технологияларды дамыту және мамандар даярлау бағытында тәжірибе алмасуды кеңінен ұсынамыз.

Жиынға қатысушылар  ұлттық ақпарат агенттіктерінің байланысын нығайтудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ журналистердің жаңа технологияларды меңгеру дағдыларын жетілдіру жайы талқыланды. Оған қоса  жасанды интеллект арқылы жалған ақпаратты анықтау модельдерін жасау ұсынылды. Отырыс Astana Media Week халықаралық медиафорумы аясында өтіп, жиын соңында қатысушылар ортақ коммюникеге қол қойды. Келесі жиын Қырғызстан астанасы Бішкекте өтеді.

Расим Багиров, Әзербайжанның БАҚ және хабар тарату кеңесі Халықаралық қатынастар департаментінің басшысы:

Біздің ортақ ақпараттық алаңда жалған, бұрмаланған немесе идеологиялық сарындағы мәліметтер көрініс тапса, шұғыл әрекет етуіміз керек. Ол үшін түркі мемлекеттері жұмыла жұмыс істеуі керек. Бүгінгі жиынның маңыздылығы да осыда. Біз 2027 жылға дейін атқаратын шараларымыздың жоспарын жасадық.

Бөлісу