Жамбыл облысында 8 білім беру нысаны пайдалануға берілді
Биыл Жамбыл облысында 8 білім беру нысаны салынды. Оның үшеуі мектеп, қалғаны қосымша ғимарат. Сондай-ақ жарты ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмеген 6 мектеп жаңарды. Жыл соңына дейін тағы бірнеше мектептің жөндеу жұмысы аяқталады. Данияр Әлімқұл толықтырады.
Тараздағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп 90 жыл бұрын салынған. Мұнда спорт және акт залы атымен жоқ еді. Балалар ас ішу үшін қыстың күні сыртқа жүгіреді. Былтыр жергілікті бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлініп, ескі мектеп орнына жаңасы салынды.
Ардақ Ақпанбетова, №27 орта мектеп директорының орынбасары:
Ескі нысанда асхана бөлек етін. Қазір енді осы мектептің ішінде. Екі ауысымда 1200 оқушыға дейін сыйымдылығы бар. Бұрынғы мектеппен салыстырғанда екі есе жоғары.
Ал №15 мектеп-гимназияға орын тапшылығынан оқушы сыймайтын. 800 бала 550 орындық мектепте оқуға мәжбүр болды. Бүгінде балалар игілігі үшін бұрын болмаған спорт кешені мен шығармашылық шеберханалар салынды.
Шолпан Есенәлиева, №15 мектеп-гимназия директоры:
Жаңа ғимаратта оқушылардың тамақтануын ыңғайлы ететін заманауи құралдармен жабдықталған асхана ұйымдастырылды. Үлкен спорт зал салынды. 18 оқу кабинеті жасақталды.
Биыл облыс бюджетінен 4,3 млрд теңге бөлініп, 6 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Жалпы, Жамбылда 14 нысан салу жоспарланса, әзірге 3 мектеп пен 5 қосымша ғимарат құрылысы аяқталды.
Динара Жаңабаева, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
6 мектептің құрылысына да күрделі жөндеуге де материалдық базаны алдырып жатырмыз. Жыл соңына дейін 100% қамтылады. Ол химия, физика кабинеттері. Биыл «Қазақстан халқына» қорын 80 мектептегі 207 кабинетті толығымен жабдықтап берді.
Қарқынды құрылыс нәтижесінде аймақта үшаусымды мектеп жоқ. Айта кетейік, алдағы 3 жылда тағы 130 білім беру нысаны жөнделеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы