Басты Жаңалықтар BЕ WOMAN 2026 халықаралық әйелдер форумы өтті

BЕ WOMAN 2026 халықаралық әйелдер форумы өтті

Әйелдің ықпалы неде? Табысқа жетуде ме әлде қоғамға пайда әкелуде ме? Алматыда өткен BE WOMAN халықаралық форумында көшбасшылықтың мәні мен жауапкершілігі талқыланды. «Этикалық күш» тақырыбы аясында өткен  жиынға еліміздің және әлемнің әр түкпірінен кәсіпкерлер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар нәзік жандылардың экономикадағы рөлінен бастап, білім мен ғылым, жасанды интеллект пен технологиялық өзгерістерге дейінгі өзекті мәселелерді ортаға салды. Бүгінде әйелдердің мүмкіндігі мен қоғамдағы орнына қатысты көзқарас өзгеріп келеді. Әсіресе технология дамыған заманда адам капиталына инвестиция салу, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және басқару жүйесіндегі тең мүмкіндіктерді қалыптастыру маңызды. Форум спикерлерінің бірі - кәсіпкер, Біріккен Араб Әмірліктері мен АҚШ пен үкіметтерінің бұрынғы кеңесшісі Пинг Фу халықаралық тәжірибесін айтты.

Пинг Фу, кәсіпкер, БАӘ мен АҚШ үкіметтерінің бұрынғы кеңесшісі:

АҚШ үкіметінде жұмыс істеген кезде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жүйесін өзгертуге атсалыстым. Компанияларда әйелдердің басқару қызметіндегі үлесі 50 пайыздан кем болмауы керек деген ұстанымды алға тарттық. Бұл қоғамдағы тепе - теңдікті сақтайды. Қазақстанның да қыз-келіншектері өте белсенді. Мұндағы әйелдердің өзіне сенімділігіне, іскерлігіне тәнті болдым. Меніңше, дәл осы қасиеттері қоғамның дамуына зор үлес қосуға мүмкіндік береді.

Форумда халықаралық тәжірибе ғана емес, әйелдің жеке дамуы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі де сөз болды. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің 56 пайызы - әйелдер. Ал басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 39 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіштер әйелдердің қоғамдық және басқару салаларындағы орнының артып келе жатқанын аңғартады. Дегенмен мұндай кездесулердің мақсаты - тек жетістіктерді талқылау емес, қоғамға пайдалы болуға ұмтылуға ынталану, дейді форумға келушілер.

Бөлісу