Басты Жаңалықтар Азияның ақылдасу алаңы

Азияның ақылдасу алаңы

Қазақстан Президенті Азиядағы қақтығыстардың алдын алу үшін арнайы дипломатиялық тетік құруды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жетінші саммитінде көтерді. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні ынтымақтастықтың алтыншы бағыты ретінде қосуды, ортақ көлік стратегиясын әзірлеуді және су ресурстары саласындағы серіктестікті кеңейтуді ұсынды. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік жүйесінің әлсіреп бара жатқанын айтып, Азия елдерін нақты әрекетке шақырды. Саммиттің негізгі нәтижелері мен Қазақстанның жаңа бастамалары туралы Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Көне қорғандары ғасырлар сырын бүккен шежірелі Баку шаһары. Өткеннің өнегесі мен бүгінгінің өрнегі қатар көрінетін әсем қалада Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесінің саммиті өтпек. Талай тарихи кездесуге куә болған Каспий жағасында бұл жолы елдер арасындағы сенім мен қауіпсіздік тақырыбы талқыға түседі.

Баку басқосуы. Азия елдерінің жетінші саммиті. Таспаға түскен тарихи суреттер. Ақылдасу алаңына 29 елдің өкілі жиналды. Олар жер шарындағы халықтың тең жарымын біріктіріп отырған кеңесте бас қосты.

Кеңестің қатары бүгін тағы бір елмен толықты. Лаос мүшелікке енді. Құрамында енді 29 мемлекет.

Қауіпсіздік пен тұрақтылық. Төрткүл дүниенің тілегі осы. Жиналғандар Азия құрлығының қауіпсіздігіне алаң. Қауіп пен қатер қатар қабысып, күшейіп барады. Былтыр әлемде Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең көп қарулы қақтығыс тіркелді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл үрдіс ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті.

Басқаны айтпағанда, осы кеңеске мүше елдер арасында да келіспеушілік көп. Иран Араб елдерімен араз. Үндістан мен Пәкістанның арасы салқын. Палестина мен Израиль кикілжіңі тағы бар. Бұл диалог алаңы осыған дейін тіл табыса алмай келген қарсыластарға мүмкіндік.

Ильгар Велизаде, саясаттанушы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының президенті:

Біз өзгерістерге толы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сыртқы және ішкі саясатты жүргізу тәсілдері өзгеруде. Бұрынғы ынтымақтастық үлгілерінің кейбірі ескірді. Сондықтан өзара әрекеттесудің жаңа жолдарын іздеу қажет. Қазір қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын кейбір халықаралық және өңірлік құрылымдардың әлсіреп жатқанын көріп отырмыз. Осы жағдайда Азия кеңесі тұжырымдамасының маңызы арта түседі.

Иә, әлем алмағайып. Азия елдері Қазақстан бастамашы болған кеңеске жүгінуді жөн санайды. Бұл құрылымды құру бастамасын біздің ел 1992 жылы БҰҰ мінберінен көтерді. Ал 4 жыл бұрын Астанада оны толыққанды ұйымға айналдыру келісімі жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаев ізгі ниет туралы мәлімдемелерден нақты іске көшетін уақыт келгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім қабылдауға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді.

Ал Әзербайжан Президенті халықаралық ұйымдардың тиімділігіне қатысты сын айтты. Сонымен қатар Армениямен арадағы мәміле жайына тоқталды.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:

Біз бейбіт келісімге келуді ұсындық. Содан бері бір жылдан астам уақыт бойы бейбіт өмір сүріп келеміз. Алайда бұл бейбітшілік әлі де орныққан жоқ. Сондықтан оны сақтап, нығайту қажет. Әзербайжан мемлекеттер арасындағы қақтығыстарды шешуде екіжақты ұстанымға жол беруге үзілді-кесілді қарсы.

Президент Әзербайжан мен Армения арасындағы татуласуды да құптады. Бұл жақындасу Шығыс пен Батысты байланыстыруға жаңа мүмкіндік беретінін айтты. Мемлекет басшысы кеңес аясында ынтымақтастықты дамытудың бірнеше бағытын ұсынды. Ең әуелі кибер қауіпсіздік мәселесі өзекті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазірдің өзінде ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Меніңше, Азия кеңесі қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек.

Ортақ көлік дәліздері. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік байланысын дамыту стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Су қауіпсіздігі де күн тәртібінде. Каспий теңізінің экологиялық жағдайы мен су қорын сақтау үшін бірлескен әрекет қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Азия кеңесі аясында су серіктестігін құруды ұсынды. Бұл технология алмасуға, ортақ зерттеулер жүргізуге және су үнемдеу тәсілдерін енгізуге мүмкіндік бермек.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осылайша Каспий жағасында өткен алқалы жиын өз мәресіне жетті. Саммиттің басты саяси құжаты Баку декларациясы қабылданды. Онда халықаралық тәртіпті нығайту, әскери-саяси, экономикалық және экологиялық қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мәселелері қамтылған. Ал Әзербайжан елі кеңеске тағы екі жыл төрғалық етпек.

Бөлісу