Елімізде автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды
Бұл - мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында берген тапсырмасы. Премьер-министрдің бірінші орынбасары басқаратын жұмыс тобына бірқатар министрліктің басшылары, ұлттық компания өкілдері, сарапшылар және депутаттар кірді. Үкімет басшысы осы жылдың 1 желтоқсанына дейін автожол саласын түбегейлі реформалау бойынша, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Жалпы, соңғы жылдары елімізде қанша шақырым жол салынды, қандай маңызды бағыттар қамтылды? Азамат Бейбітұлы баяндайды.
Елімізде соңғы жеті жылда 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, қайта жаңғыртылды. Әсіресе, ірі көлік дәліздерін дамытуға күш салынды. Республикалық маңызы бар 5,2 мың шақырым жолда құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Ермұрат Бәпи, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі:
Былтырғы жылы ғана Қазақстанда 14 мың км жол салынған. Ал, енді 2022 жылға дейін жылына салынған жол жылына 2 мыңнан аспайтын. Оның өзі күрделі жөндеумен қосқанда есептелетін. Енді оның экономикалық тұрғыдан қарағанда әлеуметтік аспектілері де бар. Жұмысқа тартылуы бар, елдегі жағдайды өзгертуі бар. Сонда 4 жылда бізде үлкен-үлкен негізгі магистралдық жолдар салынды.
Жаңа жолдар салумен қатар, қолданыстағы жол желісін жөндеуге де басымдық берілді. Жеті жыл ішінде республикалық маңызы бар шамамен 9 мың шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтті.
Есімхан Дінмұрат, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:
Осы жылдың ішінде ең ауқымды жобалардың бірі - Орталық-Батыс -Ақтөбе-Ұлғайсын-Сексеуіл, Қарағанды -Жезқазған ауқымды жолдары іске асырылып жатыр.
Жол құрылысы саласындағы ауқымды жобалардың бірі - «Бейнеу-Сексеуіл» тас жолы. Екінші санаттағы жолдың жалпы ұзындығы 559 шақырым. Оның 245 километрі Ақтөбе облысының аумағымен өтеді. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Ринат Оразғалиев, «ҚазАвтожол» ҰҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
121 шақырымы Байғанин ауданымен, 124 шақырымы Шалқар ауданы арқылы өтеді. Қазір бұл жерлерді қаржыландыруға банктермен келіссөздер жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін мердігерлерді анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда – басты назарда. Жеті жылда 22,1 мың шақырымды қамтитын құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, жаңадан құрылған втожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы саладағы сапаны арттып, қарқынды одан әрі күшейтуі тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы