Басты Жаңалықтар Соңғы 7 жылда мыңнан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылды

Соңғы 7 жылда мыңнан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылды

2019–2026 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы құны 8,7 триллион теңге болатын 1 226 өнеркәсіптік жоба іске қосылды. Нәтижесінде 106,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Өткен 8 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 17%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың нақты өсімі 39,9%, ал энергетика саласында 49,3%-ға жетті.

Жүзеге асырылған жобалардың 1 072-сі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл салаға 6,1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, 93,7 мың жұмыс орны ашылды. Негізгі бағыттар қатарында машина жасау, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары және химия өндірісі бар. Автомобиль жасау саласында Алматыда Cherry, Changan және Haval маркаларын шығаратын Astana Motors Manufacturing Kazakhstan кәсіпорны іске қосылып, 3,6 мың адам жұмыспен қамтылды. Қостанай облысында KIA Qazaqstan өндірісі ашылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар трансформатор, трактор, автобус, шина, шыны және полипропилен өндірістері дамып келеді.

2026 жылы жалпы құны шамамен 1,7 триллион теңге болатын тағы 200 өнеркәсіптік жобаны іске асыру жоспарланған. Олар 17,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.  Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда «Самұрық-Қазына» қоры да маңызды рөл атқарады. 2019–2025 жылдары холдинг энергетика, мұнай-газ, көлік, телекоммуникация және су инфрақұрылымы салаларына шамамен 27 триллион теңге бағыттап, 70-ке жуық ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Нәтижесінде шамамен 9 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Бөлісу