Маңғыстауда апатты үйлердің орнына жаңа баспана салынып жатыр
Маңғыстауда апатты үйлердің орнына жаңасы салына бастады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асып жатыр. Өңірде 64 көппәтерлі тұрғын үй апатты деп танылған. Онда мыңнан астам пәтер бар. Бүгін Жаңаөзен қаласында, Бейнеу, Мұнайлы, Қарақия ауданында құрылыс жұмыстары басталды.
Қарақия ауданында 15 көппәтерлі тұрғын үй апатты деп танылған. Тұрғындарды жаңа баспанамен қамту үшін ауданда бес көпқабатты үй салынады. Соның үшеуі Мұнайшы ауылында бой көтереді. Ауыл тұрғыны Бақытжан Қыдырбаев та апатты үйлердің бірінде тұрады. Ол жаңа баспанаға көшуді асыға күтіп жүр.
Бақытжан Қыдырбаев, Мұнайшы ауылының тұрғыны:
Үйдің төңірегіне қарасаңыз, қандай жағдайда тұрғанын көріп тұрсыздар. Үкіметке рақмет! Осы үйімізді апатты деп танығанына бір-екі жыл болды. Енді, міне, үй салынады деп, халық болып мәз болып жатыр.
Жаңа үйлер жеке кәсіпкерлердің қаражатына салынады. Жұмсалған шығын мемлекет тарапынан жеті жыл ішінде өтеледі. Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай тұрғын үйлердің сапасы мен құрылыс жүмыстары бақылауда болатынын жеткізді.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
Бүгін Маңғыстаудың 4 жерінде тура бір уақытта осындай үйлердің құрылысы басталып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы апаттық үйде тұрып жатқан жерлестеріміз аз емес, сүріп тастап, орнына басқа ғимарат салу керек деп тапсырған. Міне, сол тапсырманың аясында болып жатқан осындай бастама екен.
Облыста апатты үйлердің орнына қауіпсіз әрі жайлы баспана салу жұмыстары төрт ауданда қолға алынған. Жаңаөзенде 400 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Мұнайлы ауданында апатты үйлер бұзылып, жаңа баспаналардың құрылысы жүріп жатыр. Бейнеу ауданындағы Боранқұл, Есет және Бейнеу ауылдарының тұрғындары да жаңа пәтермен қамтылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы