Басты Жаңалықтар Елімізде тұңғыш рет жүзу спортынан әлем кубогы өтеді

Елімізде тұңғыш рет жүзу спортынан әлем кубогы өтеді

Еліміз тұңғыш рет жүзу спортынан Әлем Кубогын қабылдайды. Жарыс қазанның 15-17 аралығында Астанадағы «Барыс арена» спорт кешенінде өтеді. Silk Road Tour-дың шешуші кезеңінде 50-ден астам елдің 750 спортшысы бақ сынайды. Кіл мықтылар додасында Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінің чемпиондары, жүлдегерлері қатысады. Сайыстар 25 метрлік бассейнде ұйымдастырылады. Ерлер мен әйелдер жүзудің 5 түрінен үздікті анықтайды. Қазақстан намысын 22 атлет қорғайды.

Дмитрий Баландин, Қазақстанның Су спорты түрлері федерациясының бас хатшысы, Олимпиада чемпионы:

Әлем Кубогының біздің елде өту тарихи оқиға деп айтуға болады. Біріншеден, шетелдерден туристер келеді. Екіншіден, Қазақстанда жүзу спортының дамуына серпін береді. Мысалы, кеше осы спорттың жұлдыздары балалар үшін шеберлік сағатын өткізді, фан кездесулер болды. Одан бөлек, мамандарымыз бен спортшыларымыз халықаралық коучтармен тәжірибе алмасып, чемпиондармен бірге жаттығып жатыр. Сондықтан, бұл жарыстың бізге берер пайдасы орасан зор.  

Еске сала кетейік, елордадағы жарыс Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры - 1,2 млн доллар. Турдың барлық үш кезеңінде бір дисциплинада жеңіске жеткен спортшы үшін арнайы сыйақы қарастырылған. Бұдан бөлек, әлем рекордын жаңартқандар да олжалы болмақ.

Бөлісу