Алматы алдағы жылдары қалай өзгереді?
Алматы алдағы жылдары қалай өзгереді? Көлік кептелісі азайып, мектеп пен балабақша тапшылығы шешіле ме? Қала құрылысына қатысты қандай шектеулер қойылуы мүмкін? Осы сауалдардың жауабы 2040 жылға дейінгі Бас жоспарда қамтылған. Ал бұл құжат Үкіметтің бекітілуіне жіберілді. Егер мақұлданса, мегаполистің келбеті мен тұрғындардың күнделікті өмірі қаншалықты өзгереді? Әйгерім Ердәулет баяндасын.
Алматының аумағы алдағы 13 жылда өзгермейді. Ал халық санының өсуіне қарай қалада күрделі өзгерістер орын алмақ. Әуелі Бас жоспар бойынша, 2040 жылға дейін шамамен 225 жаңа мектеп бой көтереді. Оның 90-ы 2030 жылға дейін пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, 119 мың орынға шақталған балабақша мен 9 мыңнан астам төсек-орынға арналған аурухана салынады. Бұл – ең негізгі ғимараттар. Мамандардың айтуынша, мұндай әлеуметтік нысандар қаланы бес полиорталыққа бөліп дамыту үшін қажет. Яғни, жұмыс орындары, білім беру мекемелері мен әлеуметтік қызметтер әр ауданда қолжетімді болуы тиіс. Тұрғындар діттеген жеріне 15 минутта жаяу жете алуы керек.
Қанат Мұқанов, жобаның бас сәулетшісі:
Енді полицентрлық даму жоспары, бірінші мақсаты - қоғамдық нысандарды көбейту. Тек қана қаланың орталығында емес, тұрғын үйлердің арасында көбеюі және де әр полицентрдің өзінің орталығы болады. Бүкіл қаланы қамтамасыз ететін нысандардың бәрі сол полицентрдің ішінде болады.
Бас жоспар бойынша, көлік кептелісін азайтудың негізгі жолы - қоғамдық көлікті дамыту.
Мәселен, метро желісін «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейін, ал екінші кезеңде Жібек жолы станциясынан әуежайға қарай ұзарту жоспарланған. Ал жеңіл рельсті көліктің желісі Бауыржан Момышұлы мен Төле би көшелерін қамтып, сондай-ақ Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін жетеді. Әрі қарай Құлжа трактісі арқылы әуежайға дейін барады. Бұған қоса, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар да көбейтіледі. Ал облыстан қалаға күн сайын қатынайтын көліктер үшін Алтын Орда, Құлжа трактісі және Қонаев тасжолы бағытындағы кіреберістерде мың орындық арнайы көлік тораптарын салу көзделген. Жүргізушілер темір тұлпарларын сол тұрақтарға қойып, қала ішінде қоғамдық көлікпен қатынай алады. Ал құрылысқа қатысты нақты шектеулер енгізілмек.
Жанат Айтілеу, «Алматы Бас жоспар» ҒЗИ бөлім басшысы:
Еліміздің Президентінің тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының оңтүстік жағы, тау бөктерлері ол Талғар тракті бар, Шығыс айналма жолы бар, әл-Фараби даңғылы бар, Сайын көшесі бар, Жандосов көшесі, осы көшелердің оңтүстік жағында көп пәтерлі тұрғын үйлер салынбайтын болды. Әрине, ол бір шектеу, екінші шектеу тау бөктерлерінде тіпті ешқандай құрылыстар жүргізілмейді.
Бұдан бөлек, кейбір ауданда сүрілетін үйлердің орнына мектептер мен балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар салу немесе жолдарды кеңейту көзделген. Мамандардың айтуынша, жер жаппай көпқабатты тұрғын үй салуға алынбайды. Сондай-ақ Алматының мүшкіл экологиялық ахуалын жақсарту үшін 475 өндірістік нысанның жартысынан көбін индустриялық аймақтарға немесе қала сыртына көшіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы