Басты Жаңалықтар Ел экономикасы 4,2 пайызға өсті

Ел экономикасы 4,2 пайызға өсті

Мұнай өндірісі төмендесе де, ел экономикасы биыл 4,2 пайызға өсті. Өсімнің негізгі қозғаушы күші - өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы.  Ендігі міндет  -осы қарқынды сақтап, өндірісті ұлғайту, инвестиция тарту және инфляцияны тежеу. Үкімет отырысында талқыланған мәселелерді Самал Қабышева баяндайды.

Мұнайға байланған экономиканың жібі әлі де жіңішке. Биыл тоғыз айда мұнай өндіру көлемі 8 пайызға төмендеп, 69 миллион тоннадан сәл ақ асқан. 

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

Аталған факторларға қарамастан Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда және оң динамиканы көрсетуде. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2%-ды құрады. Экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес, сектор есебінен қамтамасыз етілді, ол бағалау бойынша 5,4%-ға өсті. 

Министрлердің сөзінше, биыл экономиканы өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен сауда саласы алға сүйреді.  Экономиканың тамырына қан жүгірткен тағы бір фактор - инвестиция. Тоғыз айда елге 16 триллион теңгеден астам қаржы тартылды.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

Мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгені құрап, жоспар 98,5%-ға орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 16,3%-ға жетіп, 2,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге артып, жалпы өсім қарқыны 130,3%-ды құрады.

Құрылыс (11,5%), өңдеу өнеркәсібі (8,6%), көлік (7,2%), сауда (6,2%) және ауыл шаруашылығы (5,8%) салаларында оң динамика бар. Аталған салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан үлесі  80%-дан  асады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Экономикалық өсім барынша теңгерімді әрі сапалы сипат алып келеді. Бұл еліміздің өндірістік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін негіз қалыптастыруда.  Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұмысы инфляциялық қысымды төмендетуге мүмкіндік берді. 9 айдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады. Биыл басты міндет – инфляцияны 10%-дан төмен деңгейінде ұстап тұру. 

Самал Қабышева, тілші:

Ендігі басты міндет- экономикалық өсімді сөзбен емес, іспен сақтап қалу. Ол үшін шикізатқа телмірмей, нақты өндірісті дамытып, бюджет ақшасын үнемді жұмсау қажет. Жыл соңында  бұл шаралардың қаншалықты нәтиже бергені белгілі болады.

Бөлісу