Басты Жаңалықтар Соңғы 7 жылда елімізге 56 млн-нан астам турист келген

Соңғы 7 жылда елімізге 56 млн-нан астам турист келген

Соңғы 7 жылда елімізге 57 млн-ға жуық шетелдік турист келген. Саяхатшылар тұмса табиғат пен әсем қалаға, ұлттық салт-дәстүрге қызыққан.  Дегенмен туристер санының артуына тағы бір себеп бар. Оның не екенін тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес айтсын.

Қазақстанның әлемдік туристік картадағы орны жыл санап нығайып келеді. Мәселен, былтыр елімізге 16 млн шетел азаматы келген. Олардың 12 млн-ға жуығы туристер. Ал биыл жарты жылда елімізге 7 млн-ға жуық саяхатшы табан тіреген.

Қазақстан шетелдіктерді несімен қызықтырады? Ең алдымен еліміздің аумағында табиғаты сан алуан, бір-біріне мүлде ұқсамайтын көз тартар көріністер көп.

Нұрбол Байжанов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің комитет төрағасы:

Еліміздің шекаралас өңірлерін басым болып келіп жатыр. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытайдан да көп келіп жатыр, Үндістаннан, Еуропа елдерінен келіп жатыр. Одан кейін жыл сайын өсіп келе жатқан Оңтүстік Корея мемлекетін айтуға болады. Сосын Араб елдерін қарастыруға болады. Бұл біздің негізгі нарықтарымыз болып келеді.

Шетелдік қонақтар ұлттық тағамдармен, салт-дәстүр, музыкамен, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі және тарихымен танысуға құштар. Киіз үй, домбыра, ұлттық тағамдар мен қонақжайлық туристер үшін ерекше әсер сыйлайтын құндылықтар. 

Туристер санының артуына елімізде ауқымды мәдени шаралардың жиі ұйымдастырылуы да әсер еткен. Былтыр ірі концерттерге, фестивальдерге және спорттық жарыстарға қатысу үшін әлемнің ондаған елінен 40 мыңнан астам турист келген.

Туристер ағынының артуымен бірге инфрақұрылым да дамып келеді. Тиісті министрліктің мәліметінше, былтыр еліміздегі қонақтарды орналастыру орындарының саны 5 мыңға жуықтап, сыйымдылығы 233 мың орыннан асқан. Туризм саласына салынған инвестиция көлемі шамамен 1,26 трлн теңгеге жеткен.

Былтыр шетелдік қонақтар елімізде жүріп-тұруға 3 млрд АҚШ долларын жұмсаған. Ендігі мақсат осы қарқынды бәсеңдетіп алмау. Бастысы бір келген турист қайта айналып келетіндей жағдай жасау керек. 

Lonely Planet (Лоунли Плэнит) туристік басылымы Астананы 2027 жылы баруға және ерекше әсер алуға тұрарлық әлемнің 50 бағытының қатарына қосты. Қазақстанның халықаралық деңгейде мойындалғанын айғақтайтын тағы бір маңызды жаңалық – 2026 жылы еліміз алғаш рет MICHELIN Key қонақүйлер гидіне енді.

Бөлісу