Конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты басталды
Астанада конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты басталды. Ел біріншілігіне 9 өңірден 100-ге жуық сырғышы бақ сынап жатыр. Бірінші жарыс күнінде ерлер мен әйелдер 500, 3000 және 5000 метрде, сондай-ақ командалық спринтте кіл мықтыны анықтады. Қыздардан қысқа қашықтықта 30-дан астап спортшы жүлдеге таласты. Бұл сында Олимпиада ойындарының қатысушысы Кристина Силаева қара үзіп, екі дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Ал жасөспірімдер арасындағы 5 дүркін Әлем чемпионы Кристина Шумекова күмісті қанағат етті. Қола елордалық конькиші Алина Дәуреноваға бұйырды.
Кристина Силаева, конькимен жүгіруден екі дүркін чемпион:
Бұл – биылғы маусымдағы алғашқы старт. Дайындық жоғары деңгейде өтті. Бүгінгі нәтижеме көңілім толды. Мен құрамадағы мықты спортшылардың бірі – Кристина Шумековамен бірге жұптас жарыс жолына шықтым. Қиын болғанын жасырмаймын. Ол 1 шақырымдық бәсекеде де оңай қарсылас болмайын деп тұр. Оның ертең көре жатармыз.
Ерлер арасындағы 500 метрлік бәсекеде әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Евгений Кошкинді ешкім басып оза алмады. Осылайша ерлі-зайыпты Кристина мен Евгений қысқа қашықтықтың үздігі атанды. Негізгі фавориттен 19 милли секундқа қалып қойған былтырғы ел чемпионы Артур Галиев екінші орыннан көрінді. Қостанай облысының намысын қорғаған Никита Важенин қола медальға ие болды.
Евгений Кошкин, конькимен жүгіруден чемпион:
Тапсырманы толық орындадым. Әрі қарай кішкене емделіп, алдағы жарыстарға дайындыққа кірісемін. Биылдан бастап, әлем кубогы кезеңдеріне 100 метр қосылып жатыр. Менің оң жамбасыма келетін қашықтық. Сондықтан бұрынғы нәтижемді жақсыртып, чемпион болуға мүмкіндігім бар деп ойлаймын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы