Басты Жаңалықтар Сарапшылар қазақтың тарихи оптимизмін жаңаша пайымдауды ұсынды

Сарапшылар қазақтың тарихи оптимизмін жаңаша пайымдауды ұсынды

Тарихи оптимизм қазақтың санасында бар. Алайда уақыт өте келе бұл ұғым бұрмаланып, кейінгі ұрпаққа өзгеше сипатта жетті. Елордада бас қосқан тарихшылар, әдебиеттанушылар мен қоғам белсенділері осындай пікір білдірді. Ендігі міндет – қазақ тарихын бүкпесіз баяндап, халықтың қиындыққа төтеп берген қайратын жаңа қырынан таныту.
Әлемде қақтығыссыз құрылған ел мүлде жоқ. Бірақ халықтың тарихын тек басынан өткен қасіреттермен өлшеуге болмайды. Маңыздысы - елдің сол сынақтардан қалай өтіп, ұлттық болмысын сақтап қалғандығында.

Еркін Әбіл, тарих ғылымдарының докторы:

Ең негізгі мәселе бұл трагедияны ұмыту емес, одан халық қалай сақталып қалды? Қалай жол тапты, позитивтік оптимистік нарратив жасау. Сол жөнінде үлкен әңгіме қазір басталып жатыр. Біз расында да сол қасіреттен жай ғана аман шыққан жоқпыз, біз аяғында жеңген халықпыз.

Ендігі міндет - жеңімпаз ұлт екенімізді кейінгі ұрпаққа жеткізе білу.

Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы:

Оны жеткізу ешқандай қиын емес. Біз бармыз ғой, қазақ деген халық. Жоңғарлар жоқ, ноғайлар жоқ. Талай соғыстарға қатысқан, бірақ жерін де, тілін де, ділін де, тарихын да сақтап қалған халық — бізбіз. Қазір Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі. Оның өзі нені дәлелдейді?

Ұлтымызда балаларға оптимистік тәрбие беру ертеден бар. Әдебиеттанушы Жанат Әскербекқызының айтуынша, қазақ ертегілерінде жақсылық пен адалдықтың жеңіске жетуі ұрпақ санасына ізгі құндылықтарды сіңіріп, қиындыққа сеніммен қарауға тәрбиелейтін тәсіл.

Жанат Әскербекқызы, филология ғылымдарының докторы:

Ертегі дегеніміз ерте күндердегі оқиғаларды айту дейді ғой. Бұл жерде шындық көркем кеңістікте басқаша сипатпен айтылады. Ол символикамен айтылады. Ол астармен айтылады. Басқа бір мәнмен айтылады. Сондықтан ертегінің түбі шындық. Онда қисынсыз нәрсе, логикаға сыймайтын ой немесе жат әрекет жоқ.

Демек тарихи оптимизм – өткеннің ауыртпалығын жоққа шығару емес, одан сабақ алып, халықтың өміршеңдігін тану. Тарихты шынайы баяндау мен ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру. «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа «Санаткер ұлт» деп аталатын жобасы аясындағы шараның толық нұсқасын ертеңгі санынан оқи аласыздар.

Бөлісу