Түркістан облысында мақтаның 60%-ы жиналды
Түркістан
облысында диқандар күзгі жиын-терімді аяқтауға жақын. Биыл өңірде ақ алтын 173
мың гектар жерге егілген. Бүгінде алқаптардың 91 мың гектарында су үнемдеу
технологиясы қолданылып келеді. Сондай-ақ мақта өсіруден бастап мата шығаруға
дейінгі өндіріс кешені қалыптасып келеді.
Биыл шардаралық шаруалар мақтаны жаңа тәсілмен егіп, су үнемдеу технологиясын
қолдануға көшкен. Солардың бірі Ахметжан
Төлепов 10 гектар жерге мақта еккен. Тамшылатып суару әдісімен пайдаланған
шаруа уақытылы су берудің нәтижесінде жақсы өнім алып жатқанын айтады. Енді
оны тиімді бағада өткізу жағын қарастыруда.
Ахметжан Төлепов, шаруа:
Бүгін мақтаны комбайнмен теріп жатырмыз. Әзірге өнімділігі жаман емес. Мақтаны әлі өткізе қойған жоқпыз, бірақ қазіргі есеп бойынша әр гектардан 30 центнерден астам өнім шығатын сияқты.
Соңғы бес жылда өңірдің аграрлық саласына шетелдік инвесторларды тарту мен олардың озық технологияларын пайдалану, өндірістік тәжірибесін аудандарға тарату жүйелі түрде қолға алынып келеді. Жаңа заманауи үлгіде салынған зауыттар қазір Отырар, Шардара, Жетісай сияқты мақта өсірумен айналысатын аудандардан ашылған. Қазір мұнда мақта қабылдау жүріп жатыр.
Төлбасы Сартаев, мақта зауытының атқарушы директоры:
2019 жылы Қытай технологиясы негізінде салынған зауыт содан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Биыл жазда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі күн бұрын қайта іске қосылды. Қазіргі таңда зауыт екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін пункттер мен зауыт аумағына шамамен 4 мың тонна өнім жиналды. Жаз бойы шаруаларға 9 мың гектар жерге жеткілікті фьючерлік қаражат бөлініп, қазір олар өнімдерін зауытқа өткізіп жатыр. Биылғы жоспарымыз — 24–25 мың тонна өнім жинау.
Бүгінге дейін шаруалар күздің әр күнін қалт жібермей, ақ алтынның 60 пайызын жинап үлгерді. Мақтаның бағасы биыл 250 теңге деп белгіленіп, жыл соңына дейін 556 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарланған. Ең бастысы шикізат енді алыс жақын шетелдерге тасымалданбай, облыс орталығында өңделетін болады.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:
Мақта өсіруден бастап, жіп иіру және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейін толық тізбекті қамтитын теңдесі жоқ кластер қалыптастыруды, жалпы құны 212 млрд теңге болатын 5 кластерлік жоба іске асырылады. Нәтижесінде жылына 180 мың тонна дайын өнім өндіріліп, 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.
Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында материал шығаратын және мата бояйтын зауыт іске қосылмақ. Сондай-ақ мұнда жылына 7 млн жиынтыққа дейін тоқыма бұйымдары мен киім өндіретін тігін фабрикасын да іске қосу көзделген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы