Соңғы 7 жылда елде 625 өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылған
Қазақстан өңдеу
өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп отыр. Британдық The World Financial Review
іскерлік басылымы елдің шикізатқа тәуелділікті азайту бағытындағы қадамдарына
талдау жасады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен
саласынан асып түскені атап өтіледі. Соңғы жеті жылда елде 625 жаңа
өнеркәсіптік кәсіпорын іске қосылып, 62 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Ал Қарағанды облысында бұл салада 815 кәсіпорын жұмыс істеп, 57 мыңға жуық адам
еңбек етіп жатыр. Мәселен, Саран индустриялық аймағында жаңа құбыр зауыты іске
қосылды. Кәсіпорын биыл қаңтар айында жұмысын бастаған. Бүгінге дейін мұнда 20
мың тоннадан астам өнім өндіріліп, 400-ден аса адам жұмыспен қамтылды. Алдағы
жылы тағы бір цех іске қосылып, қосымша 200 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Қанат Әлиев, құбыр зауытының операторы:
Дайын темір осы желіге келеді. Содан кейін құбырлар шығарылып, сапасы тексеріледі де, келесі кезеңге жіберіледі. Жұмыс аса қиын емес, барлық процесс батырмалар арқылы басқарылады. Әр оператор осы батырмалармен жұмыс істеп, өндіріс процесін бақылап отырады.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 300 мың тоннаға дейін жетеді. Мұнда диаметрі 57 миллиметрден 630 миллиметрге дейінгі болат құбырлар шығарылады. Өнімдер негізінен құрылыста, металл конструкцияларын жасауда және су құбырларын тартуда қолданылады. Алдағы уақытта мұнай өңдеу саласына қажетті құбырлар да шығарылмақ. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша Қарағанды облысы елімізде екінші орында тұр. Облыстағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің 71 пайызы өңдеу секторына тиесілі.
Шыңғыс Мұқышев, құбыр зауытының бөлім басшысы:
2023 жылы осы зауыттың құрылысы басталған. Ал 2026 жылдың қаңтар айында алғашқы дайын өнім шығарылды. Қазіргі таңда өнімдерімізді екі елге экспорттап жатырмыз. Олар – Қырғызстан мен Өзбекстан. Алдағы уақытта басқа елдерге де экспорттау жоспарымыз бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы