Қарағанды облысында жаңа өнер мектебі қолданысқа беріледі
Қарағанды облысы Нұра ауданында өнер мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. 2024 жылы құрылысы басталған ғимарат қазан айының соңына дейін қолданысқа берілмек. Бұған дейін апатты нысанда өнер үйренген өрендердің қуанышын Жандос Бақытұлы тарқатады.
Нұра кентінде 300-ге жуық оқушы өнер мектебінде қосымша білім алады. Алайда 120 шаршы метрлік аядай мектеп өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Бөлмелері тар, сахнасы шағын. Жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ескі ғимарат жыл өткен сайын сыр беріп, апатты деп танылды.
Салтанат Ахметова, өнер мектебінің мұғалімі:
Ғимарат шағын болды. Кабинеттер де аз, әсіресе хореография бөліміне орын жеткіліксіз еді. Бізде ансамбль, домбырашылар тобы, хор сияқты шығармашылық ұжымдар бар. Олардың барлығына кең әрі қолайлы орын қажет болды. Ал бұрынғы ғимарат шағын үй секілді ғана еді
Сондықтан 2018 жылы Өнер мектебі басқа ғимаратқа көшірілді. Қазір оқушылар 6 түрлі үйірме бойынша қосымша білім алып жатыр. Ал 2024 жылдан бастап, жаңа ғимараттың құрлысы басталды. Жобаға 641 миллион теңге қаржы бөлінген.
Ерлан Асылхан, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
Бізде енді домбыра, хореография, робототехника, сурет салу және көркемөнер үйірмелеріне арналған арнайы кабинеттер болады. Барлық үйірмеге қажетті орын қарастырылған. Бұрынғыдан айырмашылығы - әр бағытқа бейімделген, жеке жабдықталған кабинеттер ашылады.
Жаңа өнер мектебінде әр үйірмеге арналған жеке, мамандандырылған кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар оқушылар робототехника және қолөнер сияқты жаңа бағыттар бойынша білім ала алады.
Ләззат Балтабаева, аудандық өнер мектебінің директоры:
Мұнда қазан айында толықтай көшеміз деген ойдамын. Біз де, балалар да асыға күтіп жүрміз. Нұра ауданы өнерлі жастарға бай. Мұнда тек жеке кабинеттер ғана емес, осындай кең, толық жабдықталған сахнамыз да бар.
Жаңа ғимарат қазан айының соңына дейін қолданысқа берілмек. Жалпы, Нұра ауданында 800-ден астам оқушы өнер мектептерінде қосымша білім алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы