Басты Жаңалықтар Атырауда Рахымжан Отарбаевтың мерейтойына арналған конференция өтті

Атырауда Рахымжан Отарбаевтың мерейтойына арналған конференция өтті

Атырауда көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Рахымжан Отарбаев мұрасы: ұлттық әдебиет, тарихи сана және рухани сабақтастық» тақырыбындағы жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, әдебиет зерттеушілері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Рахымжан Отарбаев – ұлттық әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Оның прозалық шығармалары мен драматургиялық туындыларында ұлт тарихы, адам тағдыры, рухани құндылықтар мен қоғам шындығы терең суреттеледі. Жазушының шығармалары ағылшын, түрік және басқа да тілдерге аударылып, халықаралық оқырманға жол тартқан.

Серікбол Хасан, журналист, ақын:

Ол кісі дүниеден өтсе де, шығармашылығы әлі күнге дейін жасап келе жатыр. Және оның драмалық қойылымдары да біздің театрлар арасында беделге ие. Кейбір қаламгерлердің сөйлемдерінде публицистикасы байқалып жатады, қарабайыр болып кетеді. Ағаның әрбір сөйлемінде міндетті түрде күшейтпелі нәрселер бар. Яғни әр сөйлеміне ол кісінің күш салғанын байқауға болады.

Жиында жазушының шығармаларын зерттеу, ұлттық әдебиеттегі орнын айқындау және оны насихаттау мәселелеріне басымдық берілді. Сондай-ақ Рахымжан Отарбаевтың «Баш» атты шығармалар жинағының қырғыз тіліндегі аударма кітабының тұсауы кесілді. Оны қырғыз әдебиетшісі әрі аудармашы Болотбек Таштаналиев тәржімалаған.

Сәуле Отарбаева, Рахымжан Отарбаев атындағы «Руханият» жеке қорының төрағасы:

Американың Индиана штаты университетінің аудармашысы Шейли ханыммен оның бас романын аударуды аяқтадық. Келесі жылы Америкада басылып шығуы керек. Екіншіден, испан тіліне аударуды бастаймыз.

Бүгін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында жазушы-драматургтің атындағы III халықаралық театр фестивалі де басталды. Бес күнге жалғасатын өнер додасына елімізбен қатар Қырғызстан және Қарақалпақстан театрлары да қатысады.

Бөлісу