Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақстан мен Бельгия экономикалық және саяси ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті. Бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Королі Филипптің келіссөздері өтті. Екі елдің басшылары сауда, инвестиция, көлік және жаңа технологиялар саласындағы байланысты дамыту мәселелерін қарастырды. Бұл Бельгия монархының Қазақстанға және Орталық Азияға мемлекет басшысы ретінде жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Тарихи кездесудің маңызы мен екі ел арасындағы әріптестіктің келешегі туралы Шерхан Жамбылұлы баяндайды.
Ақорда. Мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманды Президент сарай алдынан қарсы алып, шоқ гүлдерін ұсынды. Осы сәтте әуеге тікұшақтар көтеріліп екі елдің туын көкте желбіретті.
Осыдан кейін тараптар делегациямен танысып, ресми рәсім басталды. Сап түзеген сарбаздар мен ресми киінген лауазымды тұлғалардың арасында Патшайым Матильда сәнімен ерекшеленді.
Келіссөздер әуелі шағын құрамда басталды. Президент ресми Брюссельді еліміздің Еуропадағы сенімді серіктесі деп атады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бельгия шағын ел. Жер көлемі Алматы облысынан үш есе кішкентай. Алайда Еуропадағы ең маңызды шешімдер осы мемлекетте қабылданады. Брюссельде ЕуроОдақ, Нато секілді ірі ұйымдардың кеңселері орналасқан. Ал ел экономикасы жоғары технологиялы өндіріс пен халықаралық саудаға арқа сүйейді. Қазақстан Бельгиямен осы бағыттарда ынтымақтастықты тереңдетуді көздейді.
Иә, бұл жолғы сапардың мәртебесі де, ауқымы да бөлек. Король Филипп Астанаға үлкен делегация ерте келген. 100-ден астам лауазымды тұлға. Олардың қатарында министрлер, ірі компаниялардың жетекшілері мен университет ректорлары бар. Кең құрамдағы келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және технология салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Сондай-ақ Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз. Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде сенім, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарын арқау еткен іскерлік байланыстардың маңызы арта түседі.
Бельгия - Қазақстанның Еуропадағы маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Соңғы 20 жылда бұл елден 15 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Былтыр өзара сауда 582 миллион доллардан асты. Мемлекет басшысы бельгиялық инвесторларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді.
Бельгиямен білім бағытында байланыс беки түспек. Қазір екі елдің жоғары оқу орындары арасында 65 келісім бар. Ертең алғаш рет ректорлар форумы өтеді. Онда қосдипломды бағдарлама, Болашақ бағдараламасының аясын кеңейту бойынша тағы 12 құжатқа қол қойылмақ. Сонымен қатар сирек металдар бойынша ғылыми орталық ашылмақ.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Лювен. Бұл Бельгиядағы ең мықты университет. Топ 50-ге кіреді дүниежүзінде. 600 жылдық тарихы бар. Сол университетпен Шығыс Қазақстан техникалық университеті Өскеменде сирек металдар байыту және металлургия орталығы ашылатын болады. Бұл өте маңызды. Неге десеңіздер, бізде сирек металдар көп. Бірақ оларды байыту, чип жасау, ғарыш технологияларын жасау бізде ондай технологиялар жоқ әлі.
Иә, Еуропа 31 сирек металды стратегиялық маңызды тізімге қосқан. Қазақстанда оның 24 түрі бар. Қазір Бельгияға сүрме, титан және молибден экспорттап жатырмыз.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
Іскерлік форумда бұл ынтымақтастықты кеңейтуді талқылаймыз. Яғни, галий, алюминий және мыс металдарын Бельгияға жіберуге қарастырамыз.
Шенділер шенген визасы бойынша да ортақ шешім іздемек. Негізгі мәселе біздің азаматтар үшін құжаттар санын азайтып, рәсімдерді жеңілдету. Бұдан бөлек екі елдің сыртқы істер министрліктері үш жылдық жол картасын қабылдайды.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
Біз, ең біріншіден, Сыртқы істер министрлер арасында саяси консультацияларды өткізіп барып нақты жаңа салаларды белгілейміз.
Іскерлік және саяси келісімдермен қатар екі ел мәдени-гумнитарлық салада әріптестікті дамытпақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдеріміздің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға ниетті екенімізді растадық. Джеймс Энсордың танымал туындыларын Қазақстанның Ұлттық музейінде таныстырған бельгиялық серіктестерімізге алғысым шексіз.
Ал Бельгия Королі Абай шығармашылығына ерекше тоқталды. Ол еліміздің бай тарихы мен мәдени мұрасын жақыннан тануға ниетті. Әсіресе Ұлы хәкім туындыларында көрініс тапқан қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүріне қызығушылық танытты. Ал сөз соңында монарх қазақ тілінде ақ тілек айтып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Филипп, Бельгиялықтар Королі:
«Шаңырағыңыз биік болсын!». Мен бұл сөзді дұрыс айттым деп ойлаймын. Қазақстанға мемлекеттік сапарымыздың мәнін аталған тілек толығымен ашады. Отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын, ырыс пен несібені, бейбіт өмір мен жылы ұяны осы бірауыз сөзге сыйдыруға болады.
Бельгия патшасының мемлекеттік сапары 14 қазанға дейін жалғасады. Ертең Астанада іскерлік кеңес, ректорлар форумы және аса маңызды шикізат жөніндегі жиын өтеді. Одан кейін Король мен Патшайым Алматыға бармақ. Ал бүгінгі келіссөздің нәтижесі Бірлескен мәлімдемеде бекітілді. Ендігі міндет осы уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы