Азия Пара ойындарының қатысушылары Жапонияға аттанды
Жапонияда өтетін V Азия Пара ойындарының ашылу салтанатында Мемлекеттік Туды пара жеңіл атлет Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдошы Мереке Аяла ұстап шығады. Бүгін Туризм және спорт министрлігі құрлықтық дода қатысушыларын Нагоя қаласына шығарып салды.
Бұл - пара дзюдошы Аяла Мерекенің бірінші Азиадасы. 70 келіге дейінгі салмақтың J2 санатында күресетін отандасымыз осы уақытқа дейін әлем біріншіліктеріне қатысып, 2 рет күміс медальға ие болған. Сонымен бірге халықаралық жарыстарда да жүлдегерлер қатарынан көрінген. Енді ол сары құрлық додасында ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінуді көздейді.
Аяла Мереке, пара дзюдодан Ұлттық құрама мүшесі:
Туды маған табыстап жатыр. Бұл – үлкен мәртебе. Көк Туымызды Жапония елінде көкке көтеруіміз керек. Дайындық өте жоғары деңгейде. Басты қарсыласым -әрине, жапон қызы және Қытай елінің қызы бар. Азияның ішінде, менің ойымша, бірінші орын аламын.
Байрақты бәсеке қазанның 18-24 аралығында Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Ұлттық құраманың 150 өкілі, спорттың 12 түрінен бақ сынайды. Атап айтқанда, пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, отырып ойнайтын волейбол, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, бочча және арбадағы теннис. Салтанатты шараға қатысқан Туризм және спорт министрі спортшыларға сәттілік тілеп, жоғары нәтиже көрсететініне сенім білдірді.
Ербол Мырзабосынов, Туризм және спорт министрі:
Спортшыларымыз бұған дейінгі осы төртжылдықта үлкен әлемдік додаларда жақсы нәтижелерге қолжеткізіп жүр. Соңғы рет пара волейболдан ұлттық құрамамыз әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Пара дзюдодан медальдарымыз бар, пара жүзуден. Енді осы нәтижелерге қарап, осы Азия ойындарында бірнеше спорт түрінен жоғары жетістіктерге жетеміз деген сенімдеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы