Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Қазақстан FIRST Global Challenge 2026 чемпионатында әлемнің үздік төрттігіне енді

Қазақстандық оқушылар іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама әлемдік рейтингте төртінші орынға ие болып, инженерлік дайындық пен командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетті. Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт жыл қатарынан осы чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. Биылғы нәтиже де отандық оқушылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қазақстандағы ең биік көпір: Рахман қайнарына апарар жол дайын

Қазақстандағы ең биік көпір тау шатқалынан 175 метр биіктікте орналасқан. Көктемде мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жатса, бүгінде Шығыс Қазақстанның ең көрікті мекендерінің біріне жаңа бағытпен жетуге болады. Сегіз тірек, жеті аралық, 45 метрге дейінгі биіктік және 20 мың текше метрден астам жартас. Дайын болған жолдың әр шақырымының артында құрылысшылардың орасан зор еңбегі жатыр.

«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына онлайн дауыс беру басталды

«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына онлайн дауыс беру басталды. Биыл сыйлық волонтерлік қызметтің түрлі бағыттарын қамтитын 15 аталым бойынша табысталады. Техникалық іріктеу нәтижесінде 235 үміткер байқауға қатысып жатыр. Президент бастамасымен тағайындалған сыйлық қоғамға пайдалы әрі әлеуметтік маңызы бар істерге үлес қосқан еріктілерге, волонтерлік топтар мен ұйымдарға және халықаралық ұйымдарға беріледі.

А.Құрманғалиев Бейжіңдегі турнирде күміс алды

Қазақстандық үстел теннисшісі Алан Құрманғалиев Бейжің қаласында өткен беделді жастар арасындағы турнирінде күміс медаль иеленді. Отандасымыз жарыс барысында алты кездесуде жеңіске жетіп, финалға дейін жолдама алып, шешуші кездесуде тағы бір қытайлық спортшы Тан Ижэньмен кездесіп, қарсыласына есе жіберді. Осылайша қазақстандық теннисші турнирді екінші орынмен аяқтады.

Бөлісу