Басты Жаңалықтар Бельгияда Қазақстанның көк Туы көтерілді

Бельгияда Қазақстанның көк Туы көтерілді

Бельгия королі Филипп пен Патшайым Матильданың елімізге тұңғыш мемлекеттік сапары мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай  Брюссельдегі «Grand place» Гран-Плас алаңындағы қала әкімдігінің ғимаратына Қазақстанның туы ілінді. Сонау XII ғасырда салынған Гран-Плас алаңы ел астанасындағы ең танымал орынның бірі. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген нысанды көруге жылына 6,5 млннан астам турист келеді екен. Ал Бельгияның сыртқы істер министрлігі мен Брюссель әкімдігі ұйымдастырған шара өзара құрметке негізделген екі ел достығының дәлелі. Шараға еліміздің осы мемлекеттегі елшілігінің қызметкерлері, студенттер мен қазақ диаспорасының өкілдері мен қала қонақтары қатысты. Көк байрағымыздың көркіне тамсанған шетелдіктер естелік суретке түсіп, қазақстандық студенттердің шағын концертін тамашалады және қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, Қазақстан жайлы танымдарын кеңейтті.

Франческо Меццак, турист:

Мен қазақтың ұлттық киімін мақтанышпен киіп жүрмін. Тарихы, мәдени мұрасы бай, салт-дәстүрі ғажап елмен етене таныс болғаныма қуаныштымын. Ұлттық құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа асқан ұқыптылықпен жеткізіп жатқандарыңыз керемет. Мәдениеттеріңізге құрметім шексіз.

Бөлісу