Елімізге Бельгия Королі мен Патшайымы келді
Кеше кешкісін Қазақстанға Бельгия Королі Филипп пен Патшайым Матильда мемлекеттік сапармен келді. Бұл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар тарихындағы алғашқы осындай сапар. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы әуежайдан өзі қарсы алды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Тарихи сапар. Бұл Бельгия Королінің Қазақстанға ғана емес, тұтас Орталық Азияға мемлекет басшысы мәртебесінде алғаш рет табан тіреуі. Ресми Астана мәртебелі мейманды сән-салтанатпен қарсы алып жатыр. Құрмет қарауылы сап түзеп, әуеде тікұшақтар екі елдің туын желбіретті. Король Филипп пен Патшайым Матильданы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі әуежайдан күтіп алды. Филипп бұған дейін елімізге үш мәрте келген. Бірақ ол кезде тақ мұрагері болатын. 2002 және 2009 жылдары Байқоңыр ғарыш айлағына арнайы ат басын бұрған. Ал 2010 жылы Бельгияның экономикалық делегациясын бастап келді. Бұл жолғы сапардың мәртебесі де, ауқымы да бөлек. Еуропа монархы өзімен бірге үлкен делегацияны ерте келген. 100-ден астам лауазымды тұлға. Олардың қатарында төрт министр, 25 ірі компания мен экспорт агенттігінің жетекшісі және 11 университет ректоры бар. Демек алдағы келіссөздерде экономика, инвестиция, ғылым мен білім мәселелеріне басымдық берілмек.Бельгия Қазақстанның Еуропадағы маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Соңғы 20 жылда бұл елден 15 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Былтыр өзара сауда 582 миллион доллардан асты. Елімізде бельгиялық капиталдың қатысуымен 100-ден астам компания тіркелген. Енді екі мемлекет өндіріс, көлік және логистика салаларындағы байланысты кеңейтуді көздеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады.
Филипп Бельгиялықтар Королі:
Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін.
Сапар барысында екі ел университеттерінің ректорлары да бас қосады. Жасанды интеллект саласындағы бірлескен зерттеулер талқыланып, он шақты құжатқа қол қою жоспарланған. Жалпы Бельгия Еуропаның негізгі саяси орталықтарының бірі. Брюссельде Еуропалық одақ пен НАТО-ның кеңселері орналасқан. Мұнда құрлықтың қауіпсіздігі, экономикасы мен сыртқы саясатына қатысты маңызды шешімдер қабылданады. Яғни, бұл елді Еуропаға жол ашар қақпа десек болар. Корольдің еліміздегі сапары төрт күнге созылады. Астана мен Алматыда бірқатар кездесу өтеді. Ал негізгі келіссөздер ертеңге жоспарланған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп кеңейтілген құрамда ортақ мәселелерді талқыға салады. Оның қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылданып, екіжақты құжаттарға қол қойылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы