Басты Жаңалықтар БАӘ министрі Қазақстанда өткен Astana AI Film Festival байқауы туралы айтты

БАӘ министрі Қазақстанда өткен Astana AI Film Festival байқауы туралы айтты

БАӘ министрі Қазақстанда өткен Astana AI Film Festival байқауы туралы айтты

Біріккен Араб Әмірліктерінің жасанды интеллект жөніндегі мемлекеттік министрі Омар әл-Олама Қазақстанда өткен Astana AI Film Festival халықаралық байқауын жасанды интеллектінің шығармашылық индустриядағы мүмкіндіктеріне мысал ретінде атады.

Бұл туралы министр Абу-Дабиде өткен AI Everything жаһандық іс-шарасында мәлімдеді, деп хабарлайды Khaleej Times басылымы.

Омар әл-Олама Қазақстанда өзі қатысқан фестивальге тоқталып, жасанды интеллект көмегімен бір адамның бұрын үлкен шығармашылық топ пен миллиондаған долларды қажет етуі мүмкін фильмді немесе басқа да бейнеконтентті жасай алатынын атап өтті.

Министрдің пікірінше, жасанды интеллект кино өндірісіндегі қалыптасқан тәсілдерді өзгертіп, жеке авторлар мен шағын шығармашылық топтардың мүмкіндігін кеңейтеді. Жаңа технологиялар сценарий әзірлеуден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі бірқатар жұмысты жеңілдетіп, ауқымды жобаларды аз ресурспен жүзеге асыруға жол ашады.

Ол мұндай құралдар адамдардың шығармашылық қабілетін көрсету тәсілін өзгертіп қана қоймай, әлеуметтік желіде танымал инфлюенсер болмай-ақ, өз контентінен табыс табуына мүмкіндік беретінін айтты.

Айта кетейік, биыл Астанада алғаш рет ұйымдастырылған Astana AI Film Festival халықаралық фестиваліне әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түскен. Қазақстандық авторлар 829 өтінім жолдап, қатысушылар саны бойынша екінші орынға шықты.

Фестивальдің жалпы жүлде және инвестициялық қоры 2 миллион долларды құрады. Оның 1 миллион доллары байқау жеңімпаздарына, қалған бөлігі болашағы бар жасанды интеллект жобаларын инвестициялық қолдауға бағытталған.

Astana AI Film Festival жасанды интеллект көмегімен фильм түсіретін авторларды, шығармашылық индустрия өкілдерін және технологиялық компанияларды біріктірді. Фестивальде ұсынылған тәжірибенің халықаралық деңгейде мысалға алынуы ЖИ технологияларының кино өндірісіндегі жаңа мүмкіндіктеріне назар аудартты.

Бөлісу