Үкімет күштері хуситтерге қарсы әскери операцияны күшейтті
Йеменнің үкіметтік күштері өткен айдың соңынан бастап Сауд Арабиясы бастаған коалицияның қолдауымен хуситтерге қарсы ауқымды әскери операция жүргізіп жатыр. Мақсат - көтерілісшілердің бақылауындағы аумақтарды қайтару. Иран қолдайтын көтерілісшілер де шабуылды күшейтіп, Сауд Арабиясына соққы берді. Эр-Риядтағы Aramco компаниясының нысандарын зымырандармен және дрондармен атқылаған.
Йемен үкіметінің күштері Сауд Арабиясының қолдауымен хуситтерге қарсы ауқымды әскери операция жүргізіп жатыр. Коалиция авиациясының көмегімен көтерілісшілерден Моха порты мен Баб-әл-Мандеб бұғазы аумағы қайтарылды. Сонымен бірге Йемен армиясы Зубабтағы әуежайды бақылауға алып, қаланы қоршауға алған. Хуситтерге қарсы коалиция Қызыл теңіз жағалауындағы Ходейда провинциясындағы қару-жарақ және теңіз миналары қоймаларын жойған.
Ахмед Наги, сарапшы:
Құрлық әскеріне әуеден қолдау көрсетілсе, бұл аудандарды басып алу қиынға соқпайды. Ал таулы өңірлерге қарай жылжу оңай болмауы мүмкін.
Мақсат - Йеменнің аумағын халықаралық деңгейде мойындалған биліктің бақылауына қайтару. Ал елдің адам көп тұратын аудандары мен астанасы Сана да хуситтердің бақылауында. Енді Таиз қаласына қауіп төніп тұр. Қозғалыс Йемендегі жаңа нысандарды басып ала бастаған тұста үкіметтік күштер операцияны күшейтті. Сонымен бірге билік үкімет әскері жағына өткісі келетін көтерілісшілерге амнистия беруге уәде етті.
Ахмед Наги, сарапшы:
Операцияның басты мақсаты - сананы қайтарып алу. Алайда үкіметтің бұған ресурсы жете ме? Сауд Арабиясы бастаған коалицияның көмегімен, бәлкім, бұл мақсатқа қол жеткізер.
Йемен- ірі гуманитарлық дағдарысты өткеріп
отырған әлемдегі ең кедей елдердің бірі. Соғыс 2014 жылы хуситтер ел астанасы
мен солтүстіктегі аумақтарды басып алғаннан кейін басталды. Йеменнің заңды
үкіметіне қолдау көрсету үшін қақтығысқа Сауд Арабиясы да қосылды. Ал Иран-АҚШ
шиеленісінен Ормұз бұғазы жабылғанда, шілдеде Йемендегі қақтығыс та қайта
өршіді. Хуситтер күш жинап, елдің Қызыл теңізге
шығатын жағалауын басып алды. Саудияның мұнайын әлем нарығына шығаратын
Баб-әл-Мандеб бұғазына қауіп төндірді. Олар Сауд Арабиясына соққы бере бастады.
Сол себепті корольдік хуситтермен тікелей әскери қақтығысқа түсуге мәжбүр
болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы