Басты Жаңалықтар Жыл сайын 80 мың шетелдік Қазақстанға ем іздеп келеді

Жыл сайын 80 мың шетелдік Қазақстанға ем іздеп келеді

Қазақстанға ем іздеп келетін шетелдік көп. Біздің елден әсіресе Орталық Азия елдері мен Ресей тұрғындары дертіне шипа тауып жатыр. Олар көбіне қандай медициналық қызметке жүгінеді? Қазақстан өзге елдерден қай бағытта ілгері келе жатыр?

Өз елінен ем таппай, қазақстандық дәрігерлерді іздеп келетіндер көбейді. Біздің ауруханаларда осыдан төрт жыл бұрын 20 мың шетелдік қаралса, былтыр олардың саны 80 мыңға жетті.

Қазақстаннан шипа тапқандардың бірі  – ресейлік Наталья Васильевна. Ол осыдан 14 жыл бұрын көктайғақта тайып құлап, аяғын сындырып алған. Ресейде ота жасалғаннан кейін біраз уақыт жарақат алғанымды ұмыттым, дейді. Бірақ 2 жыл бұрын дерті қайта дендеп, аяғы бастырмай қойған.

Наталья Васильевна, Ресей азаматы:

Сол 14 жыл бұрынғы ота кезінде инфекция кірген секілді. Басқалардың қатесін түзетуге батпай, ота жасаудан барлық дәрігер бас тартты. Кеше ғана жүгіріп жүрген адамға арбаға таңылатынын есту оңай ма, жанымды қоярға жер таппадым. Балаларым ғаламторды шарлап, шетелден ем іздей бастады. Олар қазақстандық дәрігерлердің көмектесуге дайын екенін айтқанда қуанышымда шек болмады.

Осылайша, үміт алға жетелеп, Наталья Васильевна Ресейден қызымен бірге Астанадағы Ұлттық ғылыми травматология орталығына келеді. Тәжірибелі дәрігерлердің арқасында зейнеткер қайта аяққа тұрды. Ота төрт күн бұрын ғана жасалса да, ептеп жүре бастаған. Қазір Наталья Васильевна травмотология орталығында ем алып жатқан жалғыз шетелдік емес. Бірнеше күн бұрын отадан өткендердің арасында түркиялық Мұрат Ферхат та бар.

Мұрат Ферхат, Түркия азаматы:

Назарбаев университетінде оқытушы боп жұмыс істеймін. Жуырда тайып құлап, аяғымды сындырып алдым. Бірақ қазір бәрі жақсы. Шыны керек, Түркияда шетелдік жарақат алса, қай жақтансың, нешедесің деп әбден құжаттарыңды көрсетпейінше, көмек көрсетпейді. Ал Қазақстан - цифрлы мемлекет. Барлық мәлімет базада. Соның арқасында білікті  дәрігерлер дер кезінде көмек берді.

Дәрігерлердің айтуынша, шетелдіктер Қазақстанда көбіне хирургтердің қызметіне жүгінеді. Операциялар соңғы үлгідегі гамма-пышақпен жасалады. Бұл технология Орталық Азияда Қазақстанда ғана бар. Мұрат Ферхат отадан сақтандыру есебінен өткен. Ал Наталья Васильевна еміне 3 миллион теңге кеткенін айтады. Қазақстан азаматтарына мұндай ота тегін жасалады.

Гүлнар Балташева, тұрғын:

Екі жыл бұрын жай құладым да қалдым. Аяқ астынан өзім құлап қалдым. Жалақымен ота жасау оңай емес. Ол үшін мен 3-4 ай жұмыс істеуім керек қой. Тамақ ішпестен. Басқа ештеңеге жұмсамай. Жақсы қабылдады, тегін ота жасады. Өзім осы кісілерге ризамын.

Гүлнар Балташева секілді мемлекеттік клиникаларда жыл сайын 130 мың тұрғынға ота жасалады. Шетелдіктер іздеп келетін емнің қазақстандықтар үшін көбіне тегін көрсетілетінін жуырда Мемлекет басшысы атап өтті. Ата заңның мәтінінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Президент мемлекет бұл қағидадан ешқашан бас тартпайды деді. Келесі жылы Әлеуметтік салаға 10 триллион теңгеден астам бөлінбек. Бұл қаржының бір бөлігі жылдағыдай медицинаны дамытуға жұмсалады.

Бөлісу