Мемлекет басшысы қорғаныс саласын түбегейлі реформалауды тапсырды
Бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған қайғылы жағдай бірінші кезекте офицерлердің, генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, жиында осылай деді. Кінәлілер анықталып, шені мен шекпеніне қарамастан бірде бірі жауапсыз қалмайтынын айтты. Сонымен қатар Қарулы Күштерді түбегейлі реформалау жөніндегі жоспар он күн ішінде әзірленуге тиіс.
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, жиынды қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады. Президент олардың отбасыларына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды. Бұл мәселе арнайы бақылауда тұр.
Президент қайғылы жағдайға байланысты шұғыл кадрлық шешім қабылдағанын айтып, Қорғаныс ведомствосына жаңа министрді таныстырды. Жауапты тұлғаға батыл шешімдер қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ салаға түбегейлі реформа жүргізу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Салада олқылықтар өте көп екенін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты шұғыл кадрлық шешімдер қабылдадым. Айдос Сәкенұлы Мырзахметов күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік өте жоғары. Алдағы міндеттер аса күрделі.
Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық және көзбояушылық. Жүйелі жұмыстың жоқтығын Президент қатаң сынға алды. Әрбір сұрақтың жауабын жан-жақты тексеруді тапсырды. Сарбаздарда арнайы құтқару кеудешелерінің болмауы да үлкен сұрақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең басты мәселе – тиісті жабдықтармен, ең алдымен кез келген ауа райында адамды су бетінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген. Жауынгерлерге осындай аса маңызды негізгі қорғаныс құралдарының берілмеуіне не себеп болды? Енді бұл сұраққа кешенді тексеру жүргізетін арнайы комиссия жауап береді. Мен тиісті өкімге қол қойдым.
Қазір оқиғаға қатысты кешенді тексеру жұмыстары басталды. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау және қаржыландыру мәселелерін зерделейді. Ал жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовке бірқатар шұғыл міндет жүктелді. Оның ішінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану, кадрларды ашық іріктеу және заманауи қауіп-қатерлерге сай әскерді қайта құру тапсырмалары бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ашығын айтуымыз керек, бейбіт күнде 14 сарбаздың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайды қылмыс деп айтуымыз керек. Бұл бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі. Ең алдымен Мемлекет басшысы ретінде айтарым, қайғылы жағдайға жол берген әскери қызметшілер лауазымы, шеніне қарамастан жауапқа тартылады. Заң бойынша қатаң жазасын алады.
Президент армияны цифрлық трансформациялауға, басқару жүйесін халықаралық тәжірибеге сай қайта құруға және әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттыруға басымдық берді. Сонымен бірге әскердегі тәрбие жұмысы күшейтіліп, сарбаздардың өмірі мен қауіпсіздігі басты назарда болуы қажет. Мемлекет басшысы реформаның нақты әрі кезең-кезеңімен жүзеге асатын жоспарын әзірлеуді тапсырды. Құжат қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы