Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен 6 млрд доллар тарту көзделуде
6 млрд доллар. Қазақстан Азия банкінен осынша қомақты қаржы тартуды көздеп отыр. Бұл қаражат қай бағыттарға жұмсалады? Келісімнің елімізге пайдасы қандай? Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құрылтайда қаралған заң жобасын Самал Қабышева талдап береді.
Бұл – Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің жаңадан сайланған Президенті Цзоу Цзяи. Өзінің қызметіне кіріскеннен кейін алғашқы ресми шетелдік сапары біздің елден - Қазақстаннан бастаған болатын. Сол іссапарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Цзоу ханымды қабылдап, серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойған болатын.
Бүгін сол келісім Құрылтайдың жалпы отырысында ратификацияланып, қабылданды. Яғни құжаттың негізінде нақты қандай шарт болатыны, қандай жоба жүзеге асырылатыны толыққанды таныстырылды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:
Ратификациядан кейінгі алғашқы 5 жылда Негіздемелік келісім көлік, энергетика, денсаулық сақтау және жасыл қаржыландыру сияқты салаларға ел экономикасына шамамен 6 млрд доллар көлемінде жеңілдік шарттармен қосымша «ұзақ мерзімді ақша» тартуға мүмкіндік береді.
Келісім күшіне енгеннен кейін елімізде бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады. Атап айтқанда «Жезқазған-Қарағанды», «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Атырау-Доссор» және «Мойынты-Қызылжар» автомобиль және темір жолдарын қайта жаңарту бойынша жұмыс басталады.
Еліміз аталған банкпен 10 жылдан астам уақыт бойы ынтымақтастық жасап келе жатыр. Осы аралықта 1,8 млрд доллардың 7 жоба іске асырылды. Қазір келісімнің мүмкіндіктері артуда.
Гүлназ Атамқұлова, ҚР Құрылтайының депутаты:
Атап айтқанда, жаңартылатын энергетиканы дамыту мақсатында Жамбыл және Павлодар өңірлерінде ЖИ электр станцияларын салу, Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасын іске асыру, Көкшетау қаласында заманауи көпбейінді аурухана құрылысы аяқталу сатысында.
Самал Қабышева, тілші:
Мұндағы басты мүмкіндік – арзан несие. Қарыз жылына небәрі 1-1,5 пайызбен, 35 жылға дейін беріледі. Қаражат инфрақұрылым, цифрландыру және «жасыл» экономика жобаларына жұмсалады. Енді жеке жобаларға да несие алуға мүмкіндік бар. Сондықтан бұл келісім бізге өте тиімді. Ратификациядан кейін мемлекеттік кепілдік арқылы банкпен тікелей жұмыс істеуге жағдай жасалады, деді заң жобасын таныстырған Премьер-министр орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы