Басты Жаңалықтар Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді

Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Оған 126 азамат кірді. Олар кеңестің құрамында 4 жыл қызмет етеді. Олардың ішінде едәуір бөлігі қоғамдық-саяси қызметте, заң шығару ісінде және ауқымды мемлекеттік реформаларды талқылауда іс-жүзінде тәжірибесі бар азаматтар. Сондай-ақ аймақтардан да өкілдер көп. Азамат Бейбітұлы Халық Кеңесі мен оның құрамы жайлы кеңінен баяндайды.

Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның құрамында: 42 адам – этномәдени бірлестіктерден, 42 адам – қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан, 42 адам – Астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен жасақталды.

Жандар Асан, саясаттанушы:

Аймақтағы, еліміздің оңтүстігі мен шығысы, батысы мен солтүстігінен осы елдің мәселесін айтып жүрген, қоғамдық мәселелерді жер-жерде көтеріп жүрген азаматтардың осы құрамда болуы – өз кезегінде мәселелердің оңтайлы түрде толық-қанды шешілуіне ықпалын тигізеді деп айтуға болады.

Қазақстан Халық Кеңесі бұл ел тарихында алғаш рет сан түрлі саланың өкілдерін бір арнаға тоғыстырып отырған пәрменді платформа. Кеңестің сапалы құрамы шын мәнінде өкілді қоғамдық институт қалыптастыруға деген ұмтылысты көрсетеді. Оның құрамына 40 әйел адам мен барлық өңірлердің өкілдері кірді. Қазақстан Халық Кеңесінің сарапшылық және институционалдық әлеуеті айтарлықтай зор.

Мұрат Бақтиярұлы, мемлекет және қоғам қайраткері:

Бұл дәл қазіргі заманауи жағдаймызда Халық Кеңесі керек деп есептеймін және бұл дұрыс. Бір жағынан бұл Құрылтайға көмекші орган ретінде болады. Ұсыныс беруші орган ретінде, Үкіметке де, Президентке де, Вице-президентке де ұсыныс беруші орган ретінде фунциясын атқарады деп ойлаймын.

Қазақстан Халық Кеңесінің аса маңызды міндеті жалпыұлттық және өңірлік күн тәртіптердің арасын жалғау – тұрақты байланысты қамтамасыз ету. Аймақтардың өкілдігінің кең болуы – бұл мәселені табысты түрде шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан Халық Кеңесі – азаматтық сектордың, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық кеңестердің және өңір мәслихаттарының өкілдері бір жалпыұлттық диалог алаңына біріктіріліп отыр. Бұл – тарихи шешімдерді қабылдауға арналған қазықты құрал, қуатты күш.


Бөлісу