Әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді
Келесі жылы елде әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді. Мәселен, енді төлемді есептеген кезде жұмыссыз азаматтың ғана емес, оның отбасының да табысы ескеріледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Әлеуметтік көмекті енді кімдер алады? Үкімет тағы қандай өзгеріс енгізбек? Жанел Нұрболатқызы рет-ретімен тарқатады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Әлеуметтік көмек алу үшін өзін мүгедек деп «жариялаған». Құзырлы органдар 167 азаматтың жалған медициналық анықтама жасатып, мемлекеттен ұзақ уақыт заңсыз қаржы алғанын анықтады. Әлеуметтік көмек шын мұқтаждарға ғана берілуі тиіс. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында Президент Үкіметке мәселені реттеуді тапсырған еді. Бүгінгі кеңесте министрлер кабинеті Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жайын талқылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Шын мәнінде мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған заң қабылданды. Еңбек министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп мұқтаждық қағидаты негізінде әлеуметтік көмекті атаулы түрде үлестіру жұмыстарын жалғастыру керек.
Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында әлеуметтік жеңілдіктер аз. Босанған аналар жұмысынан айырылып қалмау үшін небәрі жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады. Қазақстанда аналар үш жылға дейін декретте отыра алады. Алдағы уақытта да солай болады. Президент Қазақстан әлеуметтік бағыттағы міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайтынын атап өтті.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Келесі жылы әлеуметтік салаға 10 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысының сөзінше, ендігі мәселе көмектің көлемінде ғана емес, оның нақты кімге және қаншалықты тиімді жетіп жатқанында. Үкімет Құрылтаймен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің дұрыс үлестірілгенін қадағалауы тиіс. Реформа екі кезеңде өтеді. Қазір 36 түрлі әлеуметтік көмек болса, енді 14 түрі ғана қалады. Айталық, бұдан былай төлемді есептеу кезінде жұмыссыз азаматтың ғана емес, оның отбасының да табысы ескеріледі.
Үкіметте Президент тапсырмаларын сапалы орындау жөнінде кеңес өтті
Президент жүктеген тағы бір маңызды міндет – елде экологиялық мәдениетті күшейту. Құжат мектептерте арнайы сабақ өткізуден бастап, елде сенбілік өткізу тәртібіне дейін қамтиды. Маңызды міндет ақпараттық-түсіндіру жұмыстарынан басталмақ.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Жиында вандализм мәселесі де қаралды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қоғамдық ғимараттарға суреттер салатындарға айыппұл салуды ұсынды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қалаішілік жолдарға, сондай-ақ ірі және шағын қалалардан тыс орналасқан жолдарға ерекше назар аударуды тапсырған еді. Бұл ретте Олжас Бектенов Көлік министрлігіне халықтың шағымдарына жедел ден қойып, жөндеу жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы