Басты Жаңалықтар АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені өсірді

АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені өсірді

Құрама Штаттардың Федералдық резерв жүйесі үш жылдық үзілістен кейін алғаш рет пайыздық мөлшерлемені өсірді. Мұндай шешім инфляциялық қысыммен күрес мақсатында қабылданды. Несие қымбаттап, АҚШ-тағы коммерциялық банктер мен бизнес үшін қарыз алу құны өсуі мүмкін. Орталық банктің шешімі президент Дональд Трамптың пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы ұстанымына қайшы келді.

АҚШ Орталық банкінің шешіміне сай, пайыздық мөлшерлеме 25 базалық тармаққа өсіп, 3,75-4 пайызға жетті. Монетарлық саясаттың қатаңдатылуына жылдық инфляцияның 5 жыл қатарынан жоғары деңгейде болуы себеп.  Федералық резерв жүйесінің мақсаты - инфляция деңгейін қазіргі 3,4 пайыздан 2 пайыз немесе одан да төмен деңгейге түсіру. Әдетте орталық банктер инфляция жоғары болған кезде пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы тұтынушылардың шығындарын тежеуді, жинақ көлемін арттыруды, сол арқылы баға өсімін баяулатуды көздейді.

Кевин Уорш, федералдық резерв жүйесінің төрағасы:

Экономикадағы қарқын жақсы. Алайда геосаяси ахуалды да ескерген жөн. Еңбек өнімділігі мен негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемінің айтарлықтай өсімі байқалады. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары. Қабылданып жатқан шаралар инфляцияның 2 пайыздық межеге қайта оралуына және бағаның тұрақтануына жол ашады.

АҚШ орталық банкінің мәлімдеуінше, инфляция төмендеп, бағалардың тұрақталуы тұрғындардың аз қамтылған топтарына оң әсер етеді. Алайда монетарлық саясаттың қатаңдауы АҚШ президенті Дональд Трамптың ұстанымына қайшы келді. Ол пайыздық мөлшерлемені 1 пайызға немесе одан да төмен деңгейге түсіруді талап етті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Олар мөлшерлемені менің ісім нашар жүруі үшін көтеріп жатыр. Тарихтағы ең мықты экономикасы бар елміз. Экономикаға 21 триллион доллардан астам қаржы құйылды. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Олар пайыздық мөлшерлемені тек саяси себептермен өсіріп отыр.

Федералық резерв жүйесі заң бойынша тәуелсіз. Сондықтан төраға Уорш, президенттің талабына емес,  еңбек нарығы мен инфляцияға сүйеніп шешімдер қабылдайды. Сарапшылардың пікірініше, Федералдық резерв жүйесі Трамптың талабына сай пайыздық мөлшерлемені төмендетсе, бұл бағаның бақылаусыз өсуіне әкелуі мүмкін.

Энджел Чжун, сарапшы:

Меніңше, Федералдық резерв жүйесінің бұл шешімі пайыздық мөлшерлемелердің динамикасына, инфляция мен әлем экономикасының қазіргі ахуалына тікелей байланысты. Орталық банк инфляциямен күрес аяқталған жоқ деп санағандықтан, мөлшерлемені көтеріп отыр.

Соңғы рет АҚШ-та негізгі мөлшерлеме 2023 жылдың шілдесінде көтерілді. Бұл жолғы өсім АҚШ-та баспана алуға берілетін несиенің де қымбаттауына әкелуі мүмкін. АҚШ-тың  JP Morgan, KeyCorp  және BNY тәрізді ең ірі банктері негізгі несие бойынша мөлшерлемені 7 пайызға дейін көтерді. Ал көптеген саясаткер мен сарапшының пікірінше, жыл соңына қарай базалық мөлшерлеме тағы өсіп, 4,25 пайызға жетуі ықтимал. Федералдық резерв жүйесі - Ирандағы соғыстан кейін инфляцияның өсуімен бетпе-бет келіп отырған жалғыз банк емес. Еуропа Орталық банкі өткен аптада мөлшерлемені өсірсе, Англия банкі де бүгін жаңа шешімін жариялайды.   

Бөлісу